home
home home

Жігерлі жандар жұмысқа орналасты

 

Жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттің жіті бақылауында. Үкімет жастардан бастап, халықтың барлық санатына арналған ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдаламалар қабылдауда. Әсіресе, бұл мәселе қазіргі таңда үлкен маңызға ие. Осы орайда 6 маусым күні  Қордай аудандық жұмыспен қамту орталығы орталық саябақта бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Көпешовтың айтуынша жәрмеңкеге  жұмыс беруші ретінде 10 ұйым, оның ішінде 2 мемлекеттік мекеме және 8 жеке бизнес өкілдері шақырылған. «Жұмыс іздеушілерге 205 бос орын ұсынылды. Оның ішінде білім беру саласында 23, денсаулық сақтау саласында 21 және басқа 161 жұмыс орындары. Одан басқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 450 жұмыс орны, қоғамдық жұмысқа – 100, қысқа мерзімді оқуға 100 орын ұсынылды», – дейді орталық директоры.

Айта кетерлігі, бұл күні жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілер көп болды. Оларға жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік берілді.

«Бүгін мен бөбекжайдың өкілімен сұхбаттастым, жұмысқа орналасатын болдым. Дүйсенбі күні құжат өткіземін. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Енді мен балалармен жұмыс істеп, сүйікті ісіммен айналысамын», – дейді қордайлық Балхия Жалғасбекова. Сонымен бірге, жәрмеңке жұмыс берушілерге жақсы қызметкер табу үшін тамаша мүмкіндік. «Бізге 2 тәрбиешінің көмекшісі, аула сыпырушы, бағбан, орыс тілі мұғалімі және электрик қажет. Бүгін мен екі бойжеткенді кездестірдім. Оларды жұмысқа шақырдым. Олар жас, жігерлі, ынталы жандар. Жұмыс істеуге ниеті бар. Олар ұжымға сіңісіп, өздерін жақсы қырынан көрсетеді дегенге сенім мол», – дейді «Бәйтерек» балабақшасының меңгерушісі Сайрагүл Заурбаева.

Бұл күні жәрмеңкеге 130 адам қатысты, оның ішінде 30 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды, 20 адам жұмыс берушілерге сұхбаттасуға, 21 адам тұрақты жұмысқа жолданды. Сонымен қатар шаштараз, аспаз, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, дәнекерлеуші, омарташы сынды мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуға 30 азамат жазылды. Қажетті білім алған жағдайда олар жұмысты оңай табатыны анық.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.