home
home home

Жемқорлықты жою – басты міндет

Жемқорлықты жою – басты міндет

Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және құқық бұзушылықтың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Болатбек Байтөле төрағалық етіп, оған бөлім және мекеме басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

 

Кезекті комиссия отырысының күн тәртібіне Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 2019 жылдың III тоқсанында атқарылған жұмыстардың жайы қаралды. Қатысушыларды күн тәртібімен таныстырған аудан әкімі Болатбек Байтөле алғашқы сөз кезегін аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Меңдекеевке берді. Бөлім басшысының айтуынша, бөлімге жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін өтініштердің уақытылы қаралуы және оларға жауап беру мәселесі тұрақты бақылауда екен. Осы уақытқа дейін 30 жеке тұлғаның және 29 заңды тұлғаның өтініштері қабылданып, оңды шешімдері берілген. Атап өтетіні, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 8 және 6 өтінішке артқан. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты түрде жарияланып жүрген ақпараттар өз септігін тигізгені анық. Бөлім басшысы 9 айда газет бетіне жарияланған тұрғын үй құрылысы туралы түсіндірме мақалалар, мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық мәліметтер, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамаға енген өзгерістер мен аудан тұрғындарына қатысты өзге де ақпараттық-түсіндірме мақалаларын тізіп берді.

Келесі кезекте сөз алған Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Талғат Үрістемов сыбайлыс жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025-жылдарға арналған бағдарламасының округте орындалу барысы жөнінде кеңінен тарқатып айтты. Мәселен, Бетқайнар ауылдық округінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарымен жыл басынан бері төрт ауыл жиыны өткізілген екен. Аталмыш жиындарда ауылдық округ әкімінің, №27 орта мектеп пен №7 Бетқайнар колледжі директорларының және ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторының баяндамалары тыңдалыпты. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімі аппараты және ауылдағы өзге мекеме қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелмеген.

Қос баяндамашыға да комиссия мүшелері тарапынан тиісті сұрақтар қойылып, жауаптары алынды. Ал, комиссия төрағасы Болатбек Байқонысұлы бөлім басшысы мен ауыл әкіміне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді тапсырды.

Осыдан кейін құқық бұзушылықтың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша 2019 жылдың III тоқсанында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды. Бұл жайында АПБ басшысының орынбасары Бауыржан Әбдікерімов баяндама жасады. Оның есебіне сүйенсек, бүгінгі таңда аудандағы жалпы қылмыс саны төмендеген. Атап айтсақ, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 11 пайызға, көшелерде орын алған қылмыстар 20 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыстар 40 пайызға, кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысы 37 пайызға төмендеген. Ал, бұрын сотты болғандардың қылмысы мен топтасқан адамдардың қылмысы төмендеудің орнына өскендігі белгілі болды.

– ҚР ІІМ-ң 2018-2020 жылдарға арналған бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар орындалды. Атап өтсек, Қордай ауданы әкімдігі және ветеринарлық инспекция қызметімен бірлесіп мал ұрлығын болдырмау үшін аудандағы барлық мал базарларында әр сенбі және жексенбі күндері тіркеу жұмыстары жүргізілуде. 2018-2020 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының аясында 2019 жылдың 1 ақпанынан бастап Жамбыл облысы әкімдігімен келісілген «қашар» жедел профилактикалық алдын алу іс-шаралары аясында аудан бойынша мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақсатында мал шаруашылығымен айналысатын 279 шаруа қожалықтарына тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ІІО-на тіркелмеген 4 қару тәркіленіп, заңсыз жүрген 153 шетел азаматы анықталып, сырғаланбаған 1400 қой мен 19 ірі қара малдары анықталды, – деді АПБ бастығының орынбасары.

Осы ретте Болатбек Байтөле аудан көлемінде бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс санының өскенін, олармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, бұл мәселеге салғырт қарауға болмайтынын алға тартты. Сондай-ақ, аудан басшысы мал ұрлығының алдын алу жұмыстарын да жандандыруды тапсырды. Осы орайда, аталмыш мәселе бойынша Кенен ауылдық округінің әкімі Нүркен Жаманкөзевтің баяндамасы тыңдалды. Биыл ауылда орын алған мал ұрлығы фактісі және оның алдын алу жолын баяндаған ауыл әкіміне комиссия мүшелері тараптарынан сұрақтар түсіп, оған ауыл әкімі тиісті жауап берді. Осылайша, қос комиссия отырысындағы күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен қаралып, шешім жобалары қабылданды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.