home
home home

Жедел жәрдем қызметкерлерімен өткен күн

Жедел жәрдем қызметкерлерімен өткен күн

Жалпы қоғамымыздағы қызмет түрлерінің қайсысын алсақ та өзіне тән қиындығы мен қызығы болады. Соның ішінде үнемі халық назарында жүрген медицинаның ең шұғыл түрдегі қызметі «Жедел жәрдем» болып табылады. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, алдымен жүгінетініміз де осы жедел жәрдем қызметі.

12 мамыр – Медбикелер күні қарсаңында сала мамандарының жұмысымен жан-жақты танысып, қауырт жұмыстарын көру мақсатында арнайы бір күнімізді бөліп, журналистік зерттеу жүргізуді ниет еттік. Алға қойған мақсатымызға жету үшін Ауқатты ауылдық округіндегі жедел жәрдем бөлімшесінің қызметкерлерінің қасында жүріп, олардың жанкешті еңбегінің куәсі болдық. Кейде уақытында, кейде кеш болса да, олар қал-қадірінше шақырылған мекенжайдан табылып жатады. Жиі сынға да ұшырап жататын осы сала мамандары. Дегенмен, жедел жәрдем жұмысының қаншалықты жауапты, әрі қиын екенін біле бермейтініміз шындық. Оны мамандармен өткен бір күнде анық байқадық.

Таңғы сағат 8.00-де ауысым қабылдап алған фельдшер Айгүл Жүнісованы  қасымызға қосқан жетекші фельдшер Эльмира Насырқожаева бүгінгі таңда жедел жәрдем қызметінің әр шақырылымын облыс орталығы Тараз қаласының қабылдауы жайында түсініктеме берді.

– Мен бос уақытымызда жағдайды түсіндіріп өтейін. Себебі, біз кез келген шақыртуға кетіп қаламыз. Одан бөлек, шақыртқан адамның жағдайы ауыр болса аудан орталығына жол тартамыз. Бізге ауыл жұрты шақырту бойынша түсінбеушіліктерін айтып жатады. Науқас жедел жәрдем шақыртқанда шақыртуды облыс орталығы қабылдайды, өйткені Саll-орталық сонда орналасқан. Бірақ, қазіргі уақытта әлеуметтік желінің дамыған кезі болғандықтан бізге ол «вызов» 1-2 минутта хабарланып, біз жедел шақыртуға шығамыз, – деген Эльмира Қадырбекқызына шақырту келгенін жеткізген екінші фельдшер Мақпал Талғат бригаданың Қызылсай ауылына жолға шығатынын жүргізуші Нұртас Сүйінбайға хабарлады. Әңгімеміз кілт үзілген біздер жедел жәрдем көлігіне отырдық. Айналдырған 2-3 минут арасында Ауқатты ауылынан шығып кеткен біз енді көлік жүргізушісін тілге тарттық.

– Мен жұмыс істеп жүргеніме 1 жылдан асты. Жол ережесін қатаң сақтай отырып, фельдшерлерді науқасқа барынша жылдам жеткізуге тырысамыз. Жағдай әр ауысымда әр түрлі. Бірде шақырту көп болып, тыным таппаймыз, кейде шақырту аз болады. Болмады деген күннің өзінде 2-3 «вызов» болады. Ауыр жағдайларда фельдшерлерге науқасты каталкаға салысуға, ауданға жеткеннен кейін түсірісіп жүріп әр түрлі жағдайлардың куәгері боламыз, – дейді жас жүргізуші Нұртас Тәттімбекұлы.

Халықтың арасындағы «жедел жәрдем келмейді», «жылдам жетпейді» деген пікірлерді түсіндіріп өткен Эльмира Қадырбекқызы көрсетілетін қызмет 4 топқа бөлініп, оның үшеуіне жедел көмек көрсетілетінін айтты. Мысалы: 1-категорияға – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда тез арада медициналық көмекке мұқтаждық; 2-категория бойынша – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайда; 3-категория бойынша – науқас адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайларда. Ал, төртінші топқа жататын науқас адам дертінің асқынған немесе тұқым қуалайтын ауруына байланысты, ешқандай өміріне және денсаулығына аса қауіпті зақым келмейтін жағдайда емхана қызметкерлеріне жолданатынын айтты.

Бұл ауысымнан бөлек Бағлан Тоқбай, Айгүл Ясырова, Софа Идинова, Нұрлан Соғамбаев пен Алина Вуглизова да фельдшерлік қызмет атқарып, ауысымға түсіп тұрады екен. Ал, бес адамнан тұратын жүргізушілер Ерзамат Кизбаев пен Дмитрий Виткалов, сондай-ақ Данияр Есеев пен Харсан Гаров елді мекендердің жолдарын бағындырады. Бұл бөлімше 5 елді мекен Ауқатты, Қызылсай, Бәйтерек, Бұлар батыр және Өріктіні қамтамасыз етеді.

Осылайша, бір күнде шақырту түскен үйлерде болып, көрсетілген көмек түрлерін көрдік. Дәрігерлерді қайдам, соларға еріп жүріп, біз де қатты шаршадық. Бір сәт өзімізді жедел жәрдем қызметкері ретінде сезініп, абзал жандардың халыққа қызмет көрсетуі кезінде ұшырасатын қиындықтарын, жұмыстарының өте мазасыз және ауыр екенін көзбен көрдік. Осы сапардан кейін «103» қызметінің мамандарына кеш келесің деп ренжу орынсыз ба деген ойда қалдық.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта