home
home home

«Zhas project» жобасы аяқталды

«Zhas project» жобасы аяқталды

Еліміздегі жұмыссыз және кәсіпке қызығушылығы бар жастарды қолдайтын «Zhas project» жобасы өз мәресіне жетті. Ал, алты ай бойы белгілі бір кәсіпке дағдыланған аудан жастары күні кеше жоба аясындағы төрт күндік қорытынды тренингте бас қосты.

Өткен жылдың тамыз айында басталған аудандағы 14 жоба қызметін бүгінде сәтті аяқтап отыр. Ең әуелгі кезекте жастар төрт күндік тренингке қатысып, алда атқарар қызметін жоспарлап алған болатын. Арнайы оқу-жаттығудан өткен жоба қатысушылары міндеттелген мерзімде жоспарларын жүзеге асырды. Олар жергілікті жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға тегін көмек көрсетті. Мәселен, «Нұр», «Ірі қара мал шаруашылығы», «Му-Му», «Болашақ» және «Игі іспен – бизнеске» атты бес бірдей кіші жобаның мүшелері сиыр алып, сүт өнімдерін тегін таратумен айналысты. Ал, «Сиқырлы жұмыртқа», «Кіші құс фермасы» жобалары үй құстарын алса, «Шапағат», «Қымыз шаруашылығы» ұлттық сусын – қымыз өнімдерін қолға алған. Сондай-ақ, «Ең әдемі киім үлгісі», «Бал арасын өсіру», «Алтын нан» жобасының мүшелері де алты ай бойы өз өнімдерін мұқтаж жандарға тегін таратқан. Білім саласын қолдаған «Жасөспірімдер мен балалардың бос уақытын тиімді пайдалану» және «Старт компаниясы» жобалары жылыжай ашып, қияр өсіріп, өнімін тұрғындар игілігіне арнаған. Тамызда түскен миллион теңге қаржыдан бөлек жастарға жоба аясында әр ай сайын стипендия төленіп тұрды. Жоғары оқу орнын аяқтаған қатысушыға 60 мың теңге, ал арнаулы орта білімге 40 мың теңгеден ұсынылды. Мұндай керемет мүмкіндікті пайдалана білген жас кәсіпкерлер тағы да жобаны жалғастыруды көздейді. Дегенмен, жоба тек әр облысқа бір мәрте ғана аяқ басады. 2017 жылы ашылған жоба еліміздің төрт облысын қамтыса, 2018 жылы алты облыстан шамамен 3500 адам қатысқан. Осылайша, берілген алты ай мерзім ішінде тірлігін тиянақты тындыра білген жастар қорытынды тренингте бас қосып, өз жобалары бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Бұл күні олар кәсіпкерліктің қыр-сырына тағы бір мәрте үңіліп, төрт күн бойы келешекке бизнес жоспарын құрды.

– Біз бұл жобадан көп нәрсені түсіндік. Мен келешекте кәсіпкер болуды көздеймін. Оның бастапқы жолдарын аталмыш жоба арқылы біліп, қалай жүзеге асыруды да меңгердім десем артық айтқаным емес. Бізге осындай мүмкіндікті сыйлаған жоба ұйымдастырушыларына айтар алғысым зор, – дейді «Игі іспен-бизнеске» кіші жобасының мүшесі Бақтияр Қарабаев.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.