home
home home

Жарыс алаңында ардагерлер

Жарыс алаңында – ардагерлер

Кеше Қордай ауылында орналасқан спорт кешенінде ардагерлер арасында түрлі спорт түрлерінен жарыс өтті. Бұл жарыс облыс орталығында өтетін ауқымды спартакиадаға мықты деген ардагер спортшыларды іріктеп, құрама команда жасақтау мақсатымен ұйымдастырылды.

Басында ауылдық округтерді қамтыған спорттық ойындар аудан орталығында кіл мықтылардың басын қосты. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала аясында өткен жарыс ҰОС Жеңісінің 74 жылдығына орайластырылды. Спорт алаңына 63 жастан асқан ақсақалдар және 58 жастан асқан әжелер шықты. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд, үстел теннисі, дартс және волейболдан қызыққа толы кездесулер өтті.

Ашылу салтанатында спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев ардагерлерге сәттілік тілеп, жарысқа қатысқандары үшін алғысын айтса, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сәуір айының 24 жұлдызында Тараз қаласында өтетін спартакиада жайында сөз қозғап, қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді. Кейіннен спорт ардагері Нұрғали Өмірзақов ақ батасын беріп, ойындар басталды. Қариялар топ-топ болып бөлініп, біреулері дартстан кім мерген екенін анықтап жатса, енді бірі шахмат, дойбы ойнап, алғыр ойлы екенін дәлелдеп отырды. Ал, асық атқан қариялар балалық шаққа бір оралғандай болды.

Әрине, ең қызықты ойындар волейбол алаңында өтті. Шабуыл жасап, қорғанысты да ұмытпаған ақсақалдардың ойыны көрермендердің көңілінен шықты. Тартысты бәсекеде барлығынан озып, бірінші атанған Қордай командасы болса, Масанчи екінші, бетқайнарлықтар үшінші орынға жайғасты. Әйелдер арасында дойбыдан А.Кокунбаева бірінші, А.Бигазиева екінші, М.Искакова үшінші атанса, ерлер арасында А.Әмірқұлов бірінші, Қ.Ақылқожаев екінші, Т.Абдрасилов пен Т.Кибраев үшінші орынды бөлісті. Шахматтан өткен жарыста А.Гуанло І орын, Б.Мальсагов ІІ орын, А.Бегалиев ІІІ орынды иеленді. Үстел теннисінен өткен ойындар да тартысқа толы болып, З.Жалғасбаев ешкімге дес бермей үздік атанса, Х.Сулеев екінші, М.Құсаинов үшінші болды. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында Н.Өмірзақов І орын, Ж.Арзыханов ІІ орын, Т.Мұсаханов ІІІ орынды місе тұтты. Ал, әйелдер арасында А.Мұқашева жеңімпаз атанды. Асық атудан Қ.Батыров бірінші, Ж.Жақаев екінші, Л.Гуанло үшінші атанды. Бильярд ойынында Г.Сон бәрін жеңсе, Б.Жанбосынов екінші, Ж.Естемесов үшінші орынды иеленді.

Жарысқа белсене қатысқан сексеннің сеңгірінен асқан қариялар Қ.Ақылқожаев, Ш.Сегізбаев және Е.Маженовты ерекше атап өткен жөн. Жарыс жеңімпаздары сыйлық, дипломдармен марапатталды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет жарысқа демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер Құндызай Мейірманова мен Гүлнар Әбдіқалықоваға және де жарысқа қатысқан барлық ардагерлерге үлкен алғысын айтып, ізгі тілектерін арнады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта