home
home home

Жәрмеңке – береке бастауы

Жәрмеңке – береке бастауы

20 наурыз – «Береке күніне» орай Гвардейский қалашығында Қордай ауданының кәсіпкерлері ауылшаруашылығы өнімдерін төмендетілген бағамен сатылымға қойып, көптің көңілінен шыққан жәрмеңке ұйымдастырды.

Таң сәріден әскерилер мекен еткен қалашықтың орталық алаңқайынан әсем әуен үні естіліп, қызу тіршілік қайнай түсті. Мұнда ауданның түкпір-түкпірінен азық-түлік пен жеміс жидек тиелген көліктер ағылып, кәсіпкерлер арқалай келген тауарларын халыққа арзандатылған бағамен ұсынды. Жәрмеңкеге жиналған халықтың қарасы көп болды. Әрине, іс-шараның басты мақсаты – мереке қарсаңында аудан тұрғындарын қажетті ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету болғанын айта кеткен жөн. Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындары осы күні сөреге қойылған қант-шайы мен құрт-майын молынан алып, сөмкелерін томпайтып қайтты. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметінше, бұл күнгі жәрмеңкеге он тоғыз ауылдық округтің тауар өндірушілерімен қатар, «Үсен ұлы» базарының саудагерлері, «Қордай ет», «Асратова» сынды жеке кәсіпкерлер қатысқан екен. Сондай-ақ, мұнда тұрғындарға жалпы құны 4 млн. 201 мың теңгені құрайтын 12,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Бұл ретте 2400 кг ет, 550 кг сүт өнімдері, 8,7 тонна көкөніс пен жеміс-жидектер болды. Айта кетерлігі, саудаланған өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен сатылды. Ауыл тұрғыны Рахия Мұқанова мұндай жәрмеңкелерге отбасымен жиі келіп тұрады екен.

–Түптеп келсек, Қордайдан алшақ орналасқан біздің қалашық үшін, тіпті іргелес жатқан Кенен, Отар, Бел, Аңырақай, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр ауылдарының тұрғындары үшін де осындай жәрмеңкелердің маңызы зор. Біріншіден, мұнда саудаланатын өнімнің сапасы жақсы, таңдау да мол. Екіншіден, бағасы базармен не болмаса ауылдағы дүкендермен салыстырсаң айтарлықтай арзан. Біз осындай іс-шараларды күтіп жүріп, жақын жерден бір дегенде бар қажетімізді ала аламыз. Бұл менің ойымша қараша халықтың игілігіне жасалып жатқан өте тиімді жағдай. Мереке қарсаңындағы осындай игілік үшін кәсіпкерлерге де, ұйымдастырушыларға да алғысымызды айтамыз, – дейді ол.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.