home
home home

Жақыныңа жанашыр бол! «Adal_StopCovid» жобасы Қордайда болды

 

Павлодар облысында жұмысын бастаған «Adal_StopCovid» жобасы аясында құрылған топ мүшелері сенбі күні Қордай ауданына жетті. Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленетін «Орталық Азиядағы радикализмге және жалған ақпаратты таратуға тұрақтылықты күшейтуге» арналған бұл үлкен жобаның бір бөлігі қазіргі таңда әлемді дүр сілкіндірген пандемиямен күрестегі қарапайым ережелерді сақтаудан бастап, діни тұрғыдағы көзқарастар мен індет кезіндегі адамдарда болатын психологиялық ауыртпалықтарға қарсы тұру жайын толығымен қамтиды.

 

Жоба авторы, белгілі журналист Айнұр Коскина бас-тап келген топ құрамында Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, психолог-реабилитолог Индира Беркімбаева болды. Алғашқы кездесу Ауқатты аулының мәдениет үйінде өтті. Жобаның негізгі мақсаты мен міндеттері турасында А.Коскина қысқаша түсініктеме беріп өтті. Дүниеге жайылған індетті алғашында қырын қабылдап, қауіптілігін ескермеген жандардың алғашқы толқын кезінде көп болуы салдарынан өлім-жітімнің де көп болғанын айтқан жоба авторы, әсіресе мұсылман қауымының ішінде шектеу шараларын енгізуге байланысты көптеген сұрақтар туындап, түсініспеушіліктер орын алғанын айтты. Осы орайда білікті мамандарға жүгініп, дерттің қайта өршуінің алдын алу мақсатында құрылған жобаның негізгі ойы асыл дінімізде айтылатын сабырлық пен талапқа бағынуды халыққа жеткізу екенін сөз етті. Осыдан кейін сөз алған Жолдас қажы Қоспақұлы адамзат тарихында мұндай індеттер әр заманда болып отырғанын айтып, мұсылман қауымының індеттермен қалай күрескені турасында түрлі хадистер мен әңгімелерді негізге ала отырып тұшымды әңгімелер өрбітті.

«Иә, пандемия салдарынан мешіттер жабылып, жамағат жұма намазға бара алмай қалды. Түрлі астар мен жаназаларға топтап жиналуға рұқсат берілмеуде. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бұл шаралардың тек уақытша екенін ескеріп, талаптарға құлақ асып, шектеуге шекеден қарамауымыз керек. Ислам тарихындағы пайғамбарлар, ғалымдар, халифтер өз заманында орын алған осындай індеттер кезінде барлығын сабырлықпен жеңіп, парасаттылықпен қарауға шақырған. Сол себепті де індетті өршітпеудің ең басты шарты – өз жүріс-тұрысымызды шектеп, мамандардың талабына құлақ асқан жөн. Ал, бұл талаптарда мұсылман шамына тиетін, дінбұзарлық ештеңе жоқ. Ал, егер сұрақтар туындап жатса әрдайым нақты жауап беруге дайынбыз», – дейді имам.

Психолог-реабилитолог Индира Беркімбаева  карантиндік шараларға байланысты амалсыздан үйде қалған жандар арасында күйзеліске түсу, отбасылық кикілжің орын алғанын айтып, осындай жағдайда алдымен сабырлыққа бой ұсыну, бос уақытты тиімді пайдалану жолдары, мектеп жасындағы балалармен қатынастағы оңтайлы тұстар турасында көптеген кеңестер мен түсініктемелер берді.

Дәл осындай кездесулер Сортөбе мен Масаншы ауылдарында да болып, жоба аясында дайындалған арнайы парақшалар мен бетперделер, антисептиктер таратылды. Әрине, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға да нақты жауаптар берілді.

Ж.Омаров


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.