home
home home

Жақсының шарапаты

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шыққалы игі, ілкімді істер көбейіп, ел дамуына баға жеткісіз септігін тигізіп келгені рас. Ауданымызда мақала аясында атқарылған жұмыстар турасында әрдайым газет бетінен оқып та жатырсыздар. Әсіресе, «Туған жерге туыңды тік» акциясы барысында өз ауылына жақсылық жасап, жанашырлық танытып, халық игілігіне жарар істерді атқарып жүрген жомарт жүректі азаматтарды ерекше атап өтпеске болмас.

Осындай көмекке зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсынып, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп жүрген ел ағаларын аудан басшылығы әкімдікке шақырып, марапаттады. Олардың қатарында Қаракемер ауылының тумасы, «Отау Групп» компаниясының директоры «Жыл меценаты» атанған Қайрат Молдасейітов, «Жыл тұлғасы» номинациясын иеленген жеке кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев, «Туған өлке» номинациясына лайық деп танылған, жеке кәсіпкер Әлібек Омаров және «Жүректен жүрекке» номинациясын алған «Камшат-Әсел» ЖШС-нің басшысы Артур Баймұханов болды. Аталмыш азаматтар «Жомарт жүрек» атты сыйлығының лауреаттары болып танылды. Сондай-ақ, «Жылдың үздік ұйымы» және «Ерен еріктілік» номинациялары өз иегерлерін тапты. Кездесуде «Батыл жүрек» номинациясына лайық деп танылған Қордай ауылының тұрғыны Алексей Спрякин марапатталды. Бұл азамат жақында Қордай ауылында орын алған шулы қарақшылық оқиғасында ерлік танытып, қылмыскерлердің арам пиғылынан көршілерін арашалап қалған еді.

Бұл азаматтардың ауданға көрсеткен көмегі айрықша. Атап өтсек, Қайрат Молдасейітов туған жері Қаракемер ауылына 2007 жылдан бері 309027000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Мысалы, балабақша, спорт кешені, мешіт сынды нысандар салып берсе, биыл да дәрігерлік амбулатория құрылысын бастауды мақсат тұтып отыр. Оның ел алдындағы еңбегі бағаланып, «100 жаңа есім»  жобасының жеңімпазы атанғаны баршаға мәлім. Қордайдағы белгілі кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев, былтыр аз қамтылған отбасыларға 26,9 млн. теңгеге 5 тұрғын үй салып берсе, 2018 жылы тағы 15 млн. теңгеге 3 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастады. Ал Артур Баймұханов болса, Жамбыл ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасы балаларын жыл сайын киім-кешекпен қамтамасыз етіп жүрсе, Әлібек Омаров ауданымыздың спорт саласының жанашыр азаматтарының бірі. Ол спортшыларға қаржылай көмек көрсетіп, тіпті жеке меншігіндегі ғимаратқа балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасап отыр.

Аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов әр номинация иегерін жекелей марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды.

Аталмыш жомарт жандардың сауапты істері кімге болсын үлгі екені рас. «Жақсының соңынан көп ереді» демекші, осындай Атымтай жомарт азаматтардың игі істерін жалғастыратындар табылатынына сенім білдіреміз.

Еркін Қатбеков

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.