home
home home

Жаңартылған форматтағы әлеуметтік көмек турасында

Жаңартылған форматтағы әлеуметтік көмек турасында

 

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматы бойынша тұрғындар арасында туындайтын сұрақтар көп. Лайықты жауаптарды, әрине сол жұмыстарға жауапты мамандардан толыққанды алуға болады. Осы ретте көмек алу үшін қандай құжаттар қажет және кімдерге беріледі, деген сұрақтар негізінде аудан әкімдігінің  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаевмен сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынсақ.

 

– Құрметті Айгүл Абайқызы, атаулы әлеуметтік көмек – бұл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем екені анық. Ал, әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау қашан басталады? Қай жерге жүгіну қажет? Осы жайында тарқатып берсеңіз…

– Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініштерді қабылдау 2019 жылдың сәуір айынан басталады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдігіне баруы қажет.

– Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?

– Өтініш беру  және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Басқа құжаттар керек емес.

– Сонда жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?

– Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды халықты жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкімдігіне 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.

– Тағы да құжаттар жайына келсек. АӘК алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген (прописка) болу қажет пе?

– Иә, әрине. АӘК тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты тіркелуде болуы шарт.

–  Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қаралады ма?

– Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынады. Алайда, Министрлік  «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізуде. Осылайша, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.

– Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінде қандай табыс болуға тиіс? Және жәрдемақының мөлшері қандай?

– Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді.

– Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алынады ма?

– Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі.

– 1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын есептеу кезінде қандай табыс алынып тасталады?

– АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды:

  1. Төрт және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  3. Баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  4. Студенттердің стипендиясы;
  5. Жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.

– Түсінікті, ал қандай жастағы балалар АӘК ала алады?

– Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматы күшіне енеді. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен «111 шұғыл қызметі» бірыңғай байланыс орталығының  базасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін «шұғыл желі» ашылды. «111» тегін нөмірі бойынша анықтамалық ақпаратты, мамандардың кеңестерін және атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға, жеңілдіктер мен жәрдемақылардың өзге де түрлерін ұсынуға қатысты сұрақтарға жауаптарды алуға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта