home
home home

Жаңа технология – жақсы өнім кепілі

Жұмыс сапары

Жаңа технология – жақсы өнім кепілі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айдарбек Сапаров Жамбыл облысына сапары аясында Қордай ауданында да болып, аудан әкімі Болатбек Байтөлемен бірге бірқатар өндіріс орындарын аралаған болатын. Вице-министр алдымен «Greenwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аквапоника жүйесін қолдана отырып іске асып жатқан бірегей жылыжай құрылысымен танысып, жұмыс барысын өз көзімен көрді.

Оңтүстік  Кореялық  технологиялар  қолданылған жылыжай жақын болашақта толығымен іске қосылмақ. Қажетті қондырғылар мен жабдықтар аталмыш мемлекеттегі «МАNN CEA» деп аталатын әлемдегі үздік акваферма өндіруші компаниясынан тапсырыспен алынып, бүгінгі күнге толық орнатылған. А.Сапаров жылына 300 тоннадан астам «Айсберг», «Руккола», «Листовой», «Роблен» сынды жоғары өнімді салат түрлері мен 40 тоннадан астам «Тилапия» балығын өсіруді жоспарлап отырған серіктестіктің алдағы жоспарларымен танысты. Балық пен өсімдікті бірден өсіруге мүмкіндік беретін аквапоника әдісі ауданымызда қолға алынып отырғанымен жалпы еліміз бойынша алғашқы қарлығаш деуге толық негіз бар. Министрдің орынбасарына серіктестік өкілдері өсімдіктердің қалай отырғызылатыны және оның өсуі мен жинау кезеңдері туралы толық түсініктеме беріп өтті. Осы ретте жұмыстың барлығы автоматтандырылғанын айта кеткен жөн.

Осыдан кейін Айдарбек Сейпелұлы өндірістік қуаты жылына 6380 тонна ет өндіруге арналған «Первомайские деликатесы» ЖШС-нің қасапханасында болды. Голландия мен Германиядан жеткізілген технологияны еркін игерген серіктестіктің мал соятын цехы ет өнімдерін жалпы әлемдік стандарттарға сәйкес үлгіде дайындауға бағытталған. Азық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға қойылатын «НАССР» стандарттарына сәйкес сертификаты бар серіктестік былтырғы жылдың өзінде 260 тонна ет өнімін өндіріп, Алматыдағы ең ірі деген гипермаркеттер арқылы сатылымға шығарған. Цех ішін аралап көрген А.Сапаровқа аудан әкімі Болатбек Байтөле барлық қажетті стандарттар мен сапаға жауап бере алатын кәсіпорын ет экспортына дайын екенін, ендігі кезекте сол бағытта жұмыс жасау керек екенін алға тартып, осыған орай министрлік тарапынан қолдау қажеттігін айтты. Серіктестік жұмысына сәттілік тілеген Айдарбек Сейпелұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту бойынша барлық шаралар қолданатынын жеткізді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта