home
home home

Жаңа өңірде жаңа өмір

Жаңа өңірде жаңа өмір

Өткен сенбіде ауданымызға Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов

ауданынан делегация келіп, аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

 

 

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов ашып, жиналған тұрғындарды Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданынан келген делигация өкілдерімен таныс-тырды. Өз кезегінде Ғ.Мүсірепов ауданының өкілі сөз алып, жиналғандарға өз ауданы жайлы мәлімет берді. Көшуге ниет білдіргендерге көмек көрсетуге, әр отбасын тұрғын үй және тұрақты жұмыспен қамтуға дайын екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, биыл ауданда қоныс аударушыларға арнап 40 үй салынатынын тілге тиек етті.

Жалпы, қазіргі таңда елімізде ішкі миграция мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Оңтүстік өңірлерде халық саны жылдан жылға өсіп келсе, солтүстікте әр түрлі себептерден бұл көрсеткіш кему үстінде. Сол себептен Үкіметіміз халық санын және еңбек ресурсын бірыңғайландыру үшін халықты солтүстікке көшуге ынталандыру бағдарламасын іске асыруда. Осы орайда көшуге ниет еткен азаматтарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі деген еріксіз ой туатыны да анық. Бұған тоқтала кетсек, көшуге бел буған әрбір отбасы мүшесіне біржолғы 35 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 88375 теңге төленеді екен. Ал, тұрғын үй жалдау үшін 1 жыл бойы ай сайын субсидия төленеді. Ол қалалық жерге көшкендерге: отбасы құрамында бір адам болғанда 20 АЕК 50500 теңге, 2-4 адам болса 25 АЕК 63125 теңге, ал 5 адамнан жоғары отбасыға 30 АЕК 75750 теңге төленеді. Ауылдық жерге қоныстанған отбасыларға: 1 адам болса 15 АЕК 37875 теңге, 2-4 адам болса 18 АЕК 45450 теңге, ал 5 және одан көп болғанда 21 АЕК 53025 теңге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, қоныс аударған азаматтарды жұмыспен қамту, балаларын балабақша, мектепке орналастыруға жәрдемдесу міндетін алмақ.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, өткен жылы солтүстікке Қордай ауданынан 44 отбасы қоныс аударыпты. Бүгінде аталмыш азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті қолдау көрсетіліп, тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналасса, қайсыбірі мектеп, балабақшада еңбек етеді екен.

Тағы бір айта кететіндігі, биылғы жылдың 13-14 ақпан күндері Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облысының өкілдері келіп, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Осы бағдарламаға қатысамын, солтүстік өңірге қоныс аударамын деген азаматтар жұмыспен қамту орталығына келіп, толық ақпарат ала алады.

Еркін Қатбеков

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта