home
home home

Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялап, елімізде жастарға деген қолдау күн санап артып келеді. Осыған орай күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жастар кеңесінің I отырысы өтті. Аудан әкімі Болатбек Байтөле төрағалық еткен жиынға бөлім басшылары, жастар кеңесінің мүшелері және аудан жастары қатысты. Кеңестің күн тәртібіне Қордай ауданында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу мәселесі енгізіліп, аталмыш сұрақ жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында аудан әкімі Болатбек Байтөле қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, Жастар ресурстық орталығының директоры Расул Беделбаев аудандағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы бойынша баяндама жасалды.

– Бүгінгі таңда аудандағы жастардың жалпы саны 33385 адамға жетіп, аудан тұрғындарының 23,3 пайызын құрап отыр. Нақтырақ айтсақ, жастардың 2010-ы білімгер болса, 29297-сі мектеп оқушылары. Ал, 14-18 жас аралығындағы жастар саны 9000-ды құрайды. Сондай-ақ, аудан жастарының 982-і жасотандықтар, 5335-і жасұлан болса, 4272-і жасқырандықтар қатарында, – дейді Р.Беделбаев.

Сондай-ақ, баяндамашы әскер қатарына шақырылушылар мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2019 жылғы әскери міндеттілер саны 506 болса, әскерге жіберілгендер саны 165-ті құрап отыр екен. Негізінен орталық мамандарының басты міндеті жастарды қоғамдық өмірге бейімдеу, мемлекеттік бағдарламалардан хабардар ету, олардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Аталған қызметтер бойынша Жастар ресурстық орталығы біршама іс атқарғаны байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1303 жасқа консультациялық көмек берілсе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 1500-ге жуық жасқа кеңес берілген. Ал, жастарды жұмысқа жұмылдыру бағытындағы «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруға 2 млн. 672 мың теңге бөлініп, 57 жас жұмысқа тартылған. Олар бағдарлама бойынша ауданның абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысқан. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған баяндамашы жастар үшін жасалған жағдайларды жіпке тізіп, шығармашыл жастарды да назарынан тыс қалдырмады.

– 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты Қордай ауданында іс-шара жоспары бекітіліп, 4 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Осы ретте негізгі 5 бағыт бойынша 28 іс-шара өткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 іс-шара өкізіліп үлгерді, – деді Расул Беделбаев.

Бүгінгі таңда елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жолдары кеңінен қолға алынған. Бұл ретте жұмыссыз және кәсіпкерлікке қызығушылығы артқан жастарды жұмылдыру басты мақсат. Ол үшін көптеген бағдарламар іске қосылған. Алайда, баяндамашының есебінен бұл тұрғыда мәліметтер ести алмадық. Осыны ескерген аудан әкімі Болатбек Байтөле жастарды кәсіпкерлікке тарту бойынша атқарылған жұмыстың есебін сұрады.

– Кәсіпкерлік – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтудың ең бір тиімді жолы. Ол үшін көптеген бағдарламалар мен қайтарымсыз гранттар берілуде. Осы ретте нендей жұмыстар атқарылды, қанша жас кәсіпкерлікпен айналысып жатыр, қаншауы кәсіпкерлікке қызығушылық танытты? – деп сұраған аудан басшысы осы бағыттағы жұмысты жандандыру керектігін баса айтты.

Осы ретте Аухатты және Жаңатұрмыс ауылынан келген жастар белсенділік танытып, ұялы телефон байланысы мен интернет желісіне қатысты сұрақтарын қойды. Бұған кеңес төрағасы Болатбек Байқонысұлы ұялы байланыс операторларымен келісімшарт жасалғанын, аталмыш мәселенің жуырда шешімін табатындығын айтты. Осыдан кейін кеңес отырысы марапаттау рәсіміне ұласып, аудандағы екі айлық абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының жандануына үлес қосқан жастардың еңбегі еленді. Айта кетсек, Мадияр Әділхан, Нұрғали Әбдіқасым, Рашида Двумарова, Кельме Джамарова, Наргиза Жоламан, Мерурет Кәрібай, Сабира Керімжанова, Рабиға Қорабай, Нұржамал Мұхтарова, Шахида Нинжурова, Лаура Нұридин, Наргиза Сағади, Фарида Санва, Сымбат Саурықова, Жансая Тұрлыбай, Алихан Тұрысбек, Аңсаған Тұтқабай, Бауырхан Уалхан, Анжера Фушанло аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта