home
home home

Жамбылдықтар жоба жемісін көруде

 

 

«Жамбыл облысы тұрғындарының  тұрмыстық табысын жақсарту жобасына» енген он ауылдың біреуі Қордай ауданында орналасқан. Жамбыл атымен аталатын ауылдық округ құрамына Жаңатұрмыс ауылы кіреді. Қос ауылдың әлеуметтік-экономикасын алға сүйреуге

серпін берген жобаның жайы көңіл көншітерлік. 

 

Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес алты мыңнан астам тұрғыны бар округтен жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 334 өтінім тапсырылып, 712,5 млн. теңгеге барлық бағыттар бойынша тұрғындарға несие берілген. Енді сол әр бағыт турасында жекелей тоқталып өтсек.  Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша Жамбыл ауылында ауқымды жұмыстар атқарылған.  Бүгінгі таңда округ бойынша 1032 ауланың 950-і  611,4 тонна өнім алған. Үй маңындағы жерді тиімді пайдалану деген де осы болар.  Жамбылдықтар осының арқасында 134,4 тонна қияр, 105 тонна сәбіз, 372 тонна картоп жинап алған.  Жиналған өнімнің 167 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса,  444,4 тоннасы саудаға қолжетімді бағамен шығарылған.  Үй маңынан осыншама өнім жинау үшін суармалы судың жағдайы дұрыс болуы қажет. Осы орайда аудан әкімдігінің қолдауымен 12 шақырым болатын ауылішілік арықтар тазартылып, соның нәтижесінде бақшаға су жеткілікті көлемде келген. Су демекші, 2021 жылы ауылдық округте үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану және жеке қосалқы шаруашылықтардың табысын жоғарылату мақсатында израильдік ирригациялық суару жүйесін енгізу  жоспарланып отыр екен. Оның тиімділігі турасында тұрғындарға мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауылдықтар ендігі жерде алма, алмұрт, шие, шабдалы және жүзім шаруашылығын дамытуға бел буған.

Округ тұрғындарына ұнаған жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығын дамыту бойынша бүгінгі күнге 250 азамат 701 млн. теңгеге 4208 бас мал сатып алуға несие алыпты. Оның ішінде 1716 бас мүйізді ірі қара,  2159 бас қой, 133 бас жылқы және 200 құс сатып алынған. Сүт бағытын ұстанған шаруалар өнімді аудандағы сүт зауытына өткізіп тұрса, бордақылауға қойылған 1187 бас бұқа Қордайдағы ет комбинатына немесе Алматы қаласына саудалануда. Күз айына берілген соңғы деректерге сүйенсек округ шаруалары 150,8 тонна ет өткізген, ал жыл соңына дейін 193,8 тн ет және 81 тн сүт өткізуге мүмкіндігі бар көрінеді. Жобаның үшінші бағыты – тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстардың ауқымы ауыз толтырып айтуға келеді. Жоба аясында құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауыл шаруашылығы кооперативіне 103 ауыл тұрғыны мүше болып кіріп, нәтижесінде кооператив жалпы көлемі 690 га құрайтын жерге 300 га арпа, 300 га бидай, 90 га дәндік жүгері сеуіп, күзгі жиын-терімді ойдағыдай аяқтаған.  Осы орайда үшінші бағыттың жалғасы ретінде айтылатын  ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу жұмыстарына да бірден тоқталып өтсек.

Аталмыш кооператив жалпы сомасы 60 млн. теңгеге 17 дана әр түрлі техника сатып алыпты. Оның ішінде 3 трактор, 1 шөп шапқыш, 1 культиватор, 2 соқа, 2 дән сепкіш, 1 дәрі шашқыш, 1 арық қазатын, 1 тыңайтқыш шашқыш және 1 жүгеріге арналған культиватор бар. Бұл жобаның төртінші бағыты бойынша іске асқан жұмыстардың тізбесі. Ал, бесінші бағыт – ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бойынша бір жоба мақұлданған. Жамбыл ауылының тұрғыны Владимир Кириллов бал омартасын ашуға 3 млн. теңге несие алған. Кәсіпкер 87 бал ара жәшігін және бал жинауға қажетті құрылғыларын сатып алған. Табиғи таза бал қазіргі таңда аудан дүкендері мен сауда орындарында тұрғындарға қолжетімді бағамен сатылымға түскен.

Байқасақ, бір кездері бұйығы тіршілік кешкен ауылда жоба аясында көп өзгерістер орын алған. Ең бастысы, ауылдықтар осы бір игілікті істі одан әрі жандандырып, жобаның аты айтып тұрғандай тұрмыстарын тіктеп алса құба құп.

 

ауылдан аќпарат


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.