home
home home

Жамбыл ауылының болашағы жарқын

 

Тарихы мол Қордай жерінің түкпір-түкпірінде қызықты, сонымен бірге назар аударарлықтай деректер жетерлік. Сондай елді мекендердің бірі – Жамбыл ауылы. Қордай ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан елді мекен аудандағы қарқынды дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Кейбір деректерге сай ауыл 1932 жылы құрылған, ал тұрғындары жаппай кендір шаруашылығымен және кендірді өңдеумен айналысқандықтан бұл жерде зауыт салынған.

Уақыт өте келе өндіріс ұлғайып, былғары өңдеу, ер-тоқым, былғары аяқ-киім, т.б. өндіру цехтері ашыла бастады. Тұрғындары шетінен шебер, әрі іскер болған ауыл жиырмасыншы ғасырдың 50-60 жылдары өркендеп гүлдеді. Дүкендер ашылып, аурухана, балабақшалар, байланыс торабы мен мәдениет үйі бой көтерді. 1960 жылы ауылдың экономикалық өркендеуіне арқау болған зауыт Георгиевка былғары зауыты болып қайта аталып, қуаттылығы ұлғайтылған. Ал, 1986 жылы ауылға қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың аты берілді. Алайда, 90-шы жылдар ауылға ауыр тиді. Ауыл тұрғындарының көбісі кетіп қалып, өндіріс қысқарды. Дегенмен, өмір орнында тұрмайды. Ел біртіндеп дағдарыстан шығып, ауыл өмірі жандана бастады. Ауылдан кетіп қалған азаматтардың орнына тарихи Отанына қандастар қайтып келді. Ауыл әкімінің айтуынша ауыл халқының 80 пайызын қандастар құрап отыр.

Қазіргі таңда ауылдың тұрмысы түзеліп, жаңа нысандар бой көтеріп, жолдары жөнделуде. Округ әкімі Айдар Бірімқұловтың айтуынша биыл ауылішілік жолдар жөндеуден өтті. Бес көшенің жолдарын орташа жөндеу үшін 93 млн. теңге бөлінді. Жамбыл ауылында Жетісу, Жамбыл, Желтоқсан көшелері жөндеуден өтсе, Жаңатұрмыс ауылында екі көше жөнделді. Одан басқа Жамбыл ауылдық округінде келесі жылы қос ауылдың барлық көшелерін асфальт-тау қолға алынбақ, бұл мақсатта тиісті құжаттар дайындалып қойған. 2020 жылы Жаңатұрмыс ауылында Т.Рысқұлов және Қалмамбет көшелерінің 1,2 шақырымы жарықтандырылып, бұл жұмысқа 5 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Сонымен қатар Жамбыл ауылы үшін өзекті мәселе шешімін табуда. Бұрын Жамбыл ауылының электр тарату желілері былғары зауытының теңгерімінде болған, алайда кәсіпорынның шамасы жетпей, аталмыш желіден бас тартып, 5,2 шқ электр желісін ауылдық әкімдік теңгеріміне ауыстырған. Желілер тозып, оларды ауыстыруға тура келді. Қазіргі таңда ауылдық әкімдік алюминий сымдарын СИП-сымдарға ауыс-тыру жұмыстарын қолға алып, Жетісу, М.Елизаров, Ақбұлақ көшелерінде сымдар ауыстырылып үлгерген. Келесі жылы ауылдағы барлық сымдарды ауыстыру жоспарланып, бұл үшін құны 8 млн. теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.

Сондай-ақ, ауылда мәдени даму назардан тыс қалған жоқ. Биыл округтің өз қаражатына ауылдық әкімдік ғимаратының алдында ардагерлер аллеясы салынуда. Бұл үшін 5,4 млн. теңге жұмсалды. Тікбұрышты алаң түрінде жасалған аллеяда қырлы тастан жалғыз аяқты жолдар жасалып, ардагерлердің аты жазылған тақтайшалар орнатылып, шыршалар отырғызылатын болады. Аталмыш аллея ауыл тұрғындарының бос уақытын өткізетін сүйікті орнына айналмақ. Жамбылдықтардың ескі кеңестік құрылыстарды өзгерту бойынша тәжірибелері мол. Бұрын былғары зауытының теңгерімінде мәдениет үйі болған, бұл алып және әдемі ғимарат қараусыз қалған. Ғимаратты аукционда сатып алған жеке кәсіпкер оны құрылыс материалдарын бұзып алуды жоспарлап отырған. Бірақ, ауылдың болашағына алаңдаған ауыл кәсіпкерлері бірігіп, ғимаратты бұзудан аман алып қалып, ғимаратты жалға алған. Нәтижесінде ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бөлмелерінде би, домбыра үйірмелері, теннис залдары жұмыс істейді, одан басқа шаштараз бен наубайхана ашу жоспарда бар.

Би үйірмесін жүргізетін Ақмарал Хайтбаева өз ісін осы жерде ашуға бел буған. «Қыздарға би үйретемін. Көбінесе ұлттық және заманауи билерді үйренеміз. Гимнастика – міндетті түрде жүргізілетін пән. Үйірмеге 6-16 жас аралығындағы 25 қыз қатысады. Сабақ ертеңмен және түстен кейін екі сағаттан жүргізіледі», – дейді Ақмарал Айбекқызы. Ауылдың өмірі жандануда. Мұның бір себебі – Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық деңгейін арттыру бойынша пилоттық жобаның іске асырылуы. Шарттары тиімді жоба бойынша тұрғындар жеке шаруашылықтарын дамытуға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі күнге округте 251 адам жалпы сомасы 712 млн. теңгеге несие алып, 4200 бас мал сатып алған. Жаңадан құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативі 17 бірлік техника алып, 120 гектар күздік бидай егіп үлгерген. Жоспарда тағы 200 гектар жер егу бар.  Бұл әлеуметтік проблемаларды шешуге өз ықпалын тигізбек. Мемлекеттік көмектің арқасында жамбылдықтар жыл басында қабылданған қатаң карантиндік шараларға төтеп берді. Округ әкімінің айтуынша карантин кезінде шамамен 800 адам 42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алған. Жергілікті демеушілер өз жерлестеріне қол ұшын созып, шамамен 200 отбасыға көмек көрсетті. Қазақтың дүлділі Жамбылдың атымен аталған ауылдың болашағы жарқын деуге барлық негіз бар, себебі ауыл тұрғындары жарқын болашақты өз қолдарымен жасауда.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.