home
home home

Жамбыл ауылы жаңғыру жолында  

Жамбыл ауылы жаңғыру жолында

 

Қосалқы шаруашылық – таптырмас табыс көзі. Бұл өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың облысты дамыту жолындағы басым бағыттарының бірі. Аймақ басшысының бұлай деуге бірнеше себептері бар. Бастысы Жамбыл облысының бір миллионнан астам тұрғынының 60 пайызы ауылдық жерде тұрады. Демек, ауылдағы ағайынға қолдау көрсетіп, табыс көзін арттыруға мүмкіндік бергенде ғана ауыл дамиды және ел еңсесін көтереді.

Жақында ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында А.Мырзахметов қосалқы шаруашылықты қолдау арқылы Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны ұсынған болатын. Қуанышқа орай бұл бастама Үкіметте қолдауға ие болып, іске асыруға 2020 жылдың соңына дейін 46,4 млрд. теңге қаражат бөлінбек. Алғашқы бастауы ағымдағы жылы облыстың 10 ауданының 10 ауылдық округінде іске асатын болады. Енді бұл қолдау қандай болмақ деген сауал туындайтыны рас. Атап айтсақ, тұрғындарға 7 жылға дейін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілмек. Бұл қаражатты несие алушы мал немесе өсімдік шаруашылығына жұмсап, қажетті құрал-жабдықты және техниканы да сатып алуына болады. Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперативін де қолдау көзделген.

Біздің ауданнан пилоттық жобаға Жамбыл ауылдық округі енді. Осылайша, өз ауламды тиімді пайдаланып, табыс табамын деген Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары өз ұсыныстарын жолдай бастады. Бүгінгі күнге 35 азамат өтініш беріп, 28 тұрғынның құжаттары дайындалуда. Енді санаулы уақытта олардың құжаттары Тараз қаласына жолданып, кейіннен несие берілетін болады.

Жамбыл ауылдық округінің әкімі А.Бірімқұловтың айтуынша, өтініш бергендердің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға несие алмақ. Бұл қатарда мал басын арттыру, мал бордақылау және сүт өнімдерін өндіру ісі бар. Сонымен қатар, өтініш бергендердің арасында наубайхана және шаштараз ашуға ниетті азаматтар да жоқ емес. Тағы бір атап өтетіні несие тауарлы саудамен айналысатындарға берілмейді. Аталмыш несиенің шарттары өте тиімді. Мәселен, төмен пайызбен қоса бір жыл бойы каникул беріледі, яғни несие алушы бір жылға ақша төлеуден босатылып, еңсесін көтеріп, ісін оң жолға қоюына мүмкіндігі бар. Алайда, міндетті түрде кепілдік болуы тиіс. Бұл жылжымалы мүлік, жер телімі немесе көлік болуы мүмкін. Несие сомасы кепілдіктің құнына байланысты болады.

Өңір басшысы бұл шаралар ауылдық жердегі жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізеді дейді. Ал, бүгінгі күнде ауылда еңбек етіп, нәпақа тауып жатқандардың барлығы дерлік ешбір қолдаусыз істерін атқарып жатыр.

– Қосалқы шаруашылықтарды одан әрі дамыту, жақсарту үшін мемлекет тарапынан қолдау керек деп ойлаймын. Әрі мұндай саясат өндірісте де септігін тигізеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналған Президент тапсырмасына сәйкес, облыстағы барлық ауылдарды аралап, толық зерттедік. Осы шаралардың нәтижесінде айына 25-30 мың теңгеден бастап, 500 мың теңгеге дейін қосалқы шаруашылығынан қаржы тауып отырған отбасыларды анықтадық, – деген облыс әкімі қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалардың табысының төмен болу себептерін атап, оларды қолдау шараларының бес бағыты туралы баяндап берген болатын.

– Табыстың төмен болуының бірнеше себебі бар. Орталықтандырылған сатып алу тетіктерінің болмауы, көлік инфрақұрылымы, жем-шөптің аздығы секілді мәселелер табысты азайтады. Сондықтан кешенді қолдау шарасы қажет. Жоба бес бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қарастырады. Біріншісі – өсімдік шаруашылығы, одан кейін – мал және құс шаруашылығын дамыту үшін үй іргесіндегі телімдерді тиімді пайдалану. Сонымен қатар, елді мекендерден тыс жерлерде әр ауыл тұрғынына тиесілі жер ресурстарын тиімді пайдалану, әр ауылдық округте қажетті техника, құрал-жабдықтармен және айналым қаражаттарымен кооператив құру бағыттары бар, – деді ол өз сөзінде.

Демек, облыс әкімінің бастамасы оң нәтиже беріп жатса, келесі жылы жоба аясы кеңейіп, бүт өңірде аталмыш істер атқарыла бастайды. Тағы атап өтетіні, әзірше бұл жоба тек Жамбыл облысында іске аспақ. Ендігі кезекте игі бастама нақты нәтиже беріп, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артып, даму жолына нық тұрады деген үміт зор.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.