home
home home

Жалынды жастар, жылдам интернет қажет

Жалынды жастар, жылдам интернет қажет

3 тамыз күні аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті, оған аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов, аудандық мәслихат депутаттары, бірқатар ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, аудандық қоғамдық кеңес пен БАҚ өкілдері қатысты.

 

Сессия барысында аудан әкімі Р.Дәулеттің жүктелген міндеттерін орындау бойынша есебі тыңдалды. Аудан басшысы бекітілген индикаторларды орындау жөнінде барлық салалар бойынша атқарылған жұмысы туралы баяндады. Содан кейін депутат Дамира Сүгірбай сөз алып, депутаттар бірауыздан аудан басшысының жұмысына оң бағасын беріп, жұмысты жоғары деңгейде жалғастыруға тілектестіктерін айтты.

Келесі кезекте «Азаматтарды әскери қызметке шақыру бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмысы туралы» аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Юсуп Серіков  баяндама  жасады. Р.Нұрсипатов өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, әскери қызметтің беделін арттыру бойынша жұмыс жүргізу қажеттілігін атап, ауылдық округтерден шақырылғандардың саны сол ауылдық округте тұратын халық санына сай келу керектігін айтты, себебі халқы тығыз орналасқан Ауқатты, Масанчи, Сортөбе ауылдарымен салыстырғанда шағын ауылдардан әскерге шақырылғандар саны көп.  Кейінгі кезде бұл бағытта жұмыс тура жолға қойылған.

Содан кейін Желілік техникалық цех жұмысы туралы цех басшысы Эрик Құрымбаевтың баяндамасы тыңдалды. Цех жұмысы бүгінгі таңда жақсы жолға қойылғанымен бірқатар кемшін тұстары да жоқ емес. Осы кемшіліктерді болдырмау, алдын алу бойныша бірқатар ұсыныстар айтылды. Р.Нұрсипатов пандемия салдарынан білім беру мекемелері онлайн-режимге ауыстырылып, мектеп оқушыларымен қатар, аудандық колледж, Тараз, Алматы, Нұр-Сұлтан, т.б. қалаларда оқитын студенттер қашықтықтан оқуына байланысты  интернеттің жылдамдығының төмендегеніне тұрғындардың шағымдарының көбейіп кеткенін алға тартты. Студенттер жұмыстарын уақытылы жолдай алмай, бұл алатын бағаларына кері әсерін тигізсе, медицина қызметкерлері есеп дайындау барысында, мектеп мұғалімдері электрондық журналды толтыру кезінде қиындыққа тап болып, түнде жұмыс істеуге мәжбүр. Сонымен бірге телефон байланысының сапасына шағым көбейген. Шалғай ауылдар мен «колхоз» аумағының тұрғындары қырғызстандық ұялы байланыс операторларына ауысып, «телеком» табысынан айырылады. Осы орайда депутаттар облыстық басшылыққа және Қазақстан Республикасының байланыс министрлігіне хат жолдауды ұйғарды.

Келесі кезекте Жастар ресурстық орталығының атқарған жұмысы туралы аталмыш мекеме басшысы Расул Беделбаевтың баяндамасы тыңдалды. Депутаттар жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың жұмысы жоқтың қасы екенін айтып, ауылдық округтерде іс-шаралардың жеткіліксіз екенін, жастардың қатысуымен жасалған қылмыстар санының ұлғайып кеткенін, жасөспірімдер мен жастар арасында қылмыстарды алдын алу бойынша жұмыстың әлсіз екенін алға тартып, жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті. Р.Нұрсипатов жастар ел келешегі болғандықтан, олармен жұмыс жасау үшін депутаттар, ауылдық әкімдер, «Nur Otan» партиясының бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен округтердегі жастармен жұмыс жасайтын мамандардың бірігу және мектеп, колледж директорларымен жастармен тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру  қажеттілігін атап өтті.

Жиын барысында жарыссөзге депутат Ғалым Әлімжанов шығып, аталмыш сұрақ төңірегінде сөз сөйлесе, одан кейін депутаттар бірқатар аудандық ведомствоаралық комиссиялар құрамдарын бекітіп, қаралған сұрақтар бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Келесі сессия төрағасы ретінде депутат Ержан Сүлейманқұл сайланды.

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.