home
home home

Жайқалсын жасыл желек

Жайқалсын жасыл желек

Сенбі күні еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық ағаш егу акциясы өтті. Елордадан бастау алған жалпыхалықтық сенбілікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «экологиялық сағат» іс-шарасы аясында жалпы Қазақстан бойынша миллионға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.

Қоршаған ортаны аялап, елді мекендерді көгалдандыруға бағытталған ауқымды акцияға Қордай жұртшылығы белсенді түрде атсалысып, киелі өңіріміздің жасыл желекке айналуына өз үлестерін қосты. Күні бұрын жауып өткен жаңбырға қарамастан ағаш егу жұмыстарына бір кісідей кіріскен қордайлықтардың көңіл күйі тамаша. Жауыннан соң жер жұмсарып акция қатысушыларына қолайлы жағдай туғызып тұрғандай болды.

Нақтырақ айтсақ, Қордай ауылында бұл ерекше сипаттағы «экологиялық сағат» спорт кешені аумағынан басталып, орталық саябақтар мен аллеяларда жалғасын тапты. Ал, Әлжан ана ауылындағы саябақта дәл осындай ауқымды жұмыстар атқарылса, өзге округ тұрғындары мен мекеме өкілдері акцияға барынша атсалысып, өз елді мекендері шегінде ағаш көшеттерін отырғызды.

-Акцияның мақсаты – өңірді тек көгалдандырып қана қою емес, сонымен бірге тұрғындардың табиғатқа деген қамқорлығын арттыру. Біз әрбір ағашты, әрбір бұтаны бағалауымыз керек. Экологиялық сенбілікке аудан тұрғындары белсене қатысуда. Бұл акция Елордамыздан бастап еліміздің әр аймағында өтуде. Арнайы ұйымдастырылған экосағаттың жалпы табиғат үшін де, адамзат үшін де, әрине болашақ ұрпақ үшін де берері мол,

дейді аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов.

Сенбілік барысында аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме ұжымдары белсенділік танытып, топ-топқа бөлініп, өздеріне берілген аумақтарда көшеттер отырғызып шықты. Бұл күні аудан бойынша бас-аяғы 1670 ағаш көшеті егіліп, туған өлкенің ажарын ашуға өз үлесін қосты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.