home
home home

Зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар

Зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бірқатар сұрақтар бойынша ақпарат беріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Осы ретте, сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов пен БЖЗҚ АҚ Жамбыл облыстық филиалы өкілінің қатысуымен жиын өтті.

Спикер – БЖЗҚ АҚ облыстық филиалының бас маманы Асылбек Ошановтың айтуынша зейнетақы жүйесі халықтың барлық топтарына қатысты. Бүгін зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басты міндеті зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру болып табылады.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңалту мақсатында зейнетақы заңнамасына келесі өзгерістер енгізілді:

– егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарапы салық агенті болса, жеке тұлғаларға, олардың ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенті төлейтін болды.

– егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – фрилансердің міндеті емес, құқығы болып табылады.

– егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасалса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – оның міндеті болып есептелмейді. Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.

Сондай-ақ, А.Ошанов бірыңғай жиынтық төлемнің іске қосылғанын айтып өтті. Сол арқылы қатарынан төрт төлемді:

– мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын;

– БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын;

– мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымдарды;

– міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарнаны жүзеге асыруға болады.

Биылғы жылғы жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның қорда міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен сәтте шот автоматты түрде ашылады.

Бұдан басқа, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы алу оңай бола түсті. Кез келген салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңба ғана емес, бір реттік sms-құпиясөздің көмегімен де ала алатын болды. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік sms-құпиясөз жіберіледі.

Асылбек Есенбайұлы ағымдағы жылдың ақпан айынан «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылатынын да тілге тиек етті. Енді нотариустар «Е-нотариат» бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн-тәртібінде сауалдар жолдай алады.

Жиын қатысушылары берілген ақпараттың пайдалылығын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, А.Ошанов туындаған сұрақтар бойынша БЖЗҚ АҚ аудандық бөліміне жүгініп, мамандардан зейнетақы жүйесіне қатысты ақпарат алуға болатындығын жеткізді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта