home
home home

Ырыс алды – ынтымақ

 

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында дүниежүзіне ауыртпашылық түсірген індетті халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімінің арқасында жеңіп шығатынын айтты. Мақалада Елбасы халықты әртүрлі арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырып, шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс болатынын айтып, ғайбат пен байбаламның орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал екенін жеткізді.

«Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімінің арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.

Елбасы еліміздің Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толайым табыстары туралы сөз ете келе, ең басты байлық – адам денсаулығына да айырықша тоқталған.

«Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін», – деген Елбасы адамның өзіне деген сенімі үлкен күш екенін айта келе, бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатып, көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуға үндейді.

Мақалада Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің зиялы қауым өкілдеріне де сөзін арнаған.

«Халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді», – дейді Ұлт Көшбасшысы.

«Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін. Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз», – деп мақаласын қорытындылады Нұрсұлтан Әбішұлы. Лайым солай болғай. Біз біргеміз!

Құрманбек Әлімжан,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.