home
home home

Ынтымақ бар жерде – ырыс бар

 

Күллі дүние жүзін әбігерге салып, адамның өміріне қауіп төндірген індет кезінде өзінің адами қасиеттерін танытып, мойнына артылған міндеттерін абыроймен атқарған азаматтар біздің ауданда жеткілікті. Мұнымен қоса қиын уақытта халыққа жанашарлық танытып, қазақтың қайырымды, жомарт екенін таныта білгендер де көп болды. Сондай жандарды атап өту жөн болар.

Мәселен, Қарасай ауылдық аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Жиренбаева бастаған ақ халатты абзал жандар күндіз-түн демей, тұрғындарға көмектерін аямады. Пандемияның қарыштаған сәтінде Қарасай ауылының тұрғындары, ауылдан шыққан азаматтар да Елбасының бастап берген «Біз біргеміз» акциясы аясында көптеген игі және сауапты істерді қолға алды. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» біріккен азаматтарға ауыл тұрғындары, ақсақалдары дән риза болды.

2017 жылдың 9 қазан күні Қарасай және Еңбек ауылдарында ҚР Қоғам қайраткері Құрманғали Уәлидің бастамасымен «Алланың жердегі үйі» мешіт салынғаны баршаға мәлім. Енді, сол Қарасайдағы босап қалған бұрынғы мешітті ауыл жастары жөнге келтіріп, ас әзірлейтін, ас қоятын, дастархан жаятын столдарына дейін дайындап, ғимаратты ақтап-сырлап, екі ауылға да қажетті  асхананы ел игілігіне ұсынды. Осының арқасында ауылда ас беріп, Құран оқытатын орын пайда болды. Мұндай асханаға ауыл мұқтаж болатын. Ал, енді «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, сауапты іске атсалысқан азаматтарды тізіп өтсек, олар – Ерғали Сұлтанов, Азамат Серіков, Сәбит Әкімбаев, Ұран Өскебаев, Сейітқали Исмағұлов, Бекберген Қожагелдиев, Руслан Раиғұлов.

«Туған жеріне туын тігіп» жүрген азаматтар бүгінде  тұрғындардың ризалық, шексіз алғысына бөленіп отыр. Мысалы, еліне атақты, ауылына қадірлі академик-профессор Тілектес Исабайұлы ауылға әрдайым көмек қолын созып игілікті істерді атқарады. Жақында ол қазіргі екі ауыл ортасына қойылған бабаларымыздың ескерткішін әдемілеп қоршап берді. Профессор Жақсылық Сатылғанов болса Қарасай ауылдық округіне кіре берісіне сымбатты әрі көрікті стелла қойғызды.

Ұлы Жеңістің 75-жылдың мерейтойы қарсаңында және өзге де айтулы мерекелерде көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соғыс және тыл ардагерлеріне азық-түлік, киім-кешек және ақшалай түрде қайырымдылық көрсетіліп келеді. Бұл сауапты істерге барын салған  Бектібек Сүлейменов, Қанат Дүйсенбаев, Дамир Абдраимов, Ерлібек Зикеев және Қалмұханбек Оңғаров сынды азаматтарға алғысымыз шексіз.

Өмірде адамның батасы мен алғысынан киелі еш нәрсе жоқ. «Бақ пенен қыдыр бірлігі мықты елге, берекелі жерге қонады» деген сөз шындық. Біз, ауылдың ақсақалдары осындай таудай талабы, дариядай дарыны бар, арлы, білімді жастарымыздың саны арта берсін деп тілейміз. Шын ниетімізбен батамызды беріп, ризалық пен алғысымызды айтып, ардақтаймыз.

Асық Уәлиұлы,

Қордай ауданының Құрметті азаматы, Қарасай ауылы


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.