home
home home

Вице-премьер қордай ауданында

 

Дүйсенбі, 23 қараша күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация мүшелері Қордай ауданында болып, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев және аудан әкімі Рүстем Дәулетпен бірге Гвардейский қалашығындағы коронавирусқа қарсы отандық вакцина шығаруды жоспарлап отырған зауыттың құрылысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында вице-премьер Гвардейский қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институты жанындағы отандық иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыттың құрылыс барысымен танысты. Зауыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл аяқталмақ. Қазіргі таңда барлық қажетті инженерлік коммуникациялар жүргізіліп, құрылыс жұмыстарына 145 адам және 30 бірлік техника жұмылдырылған. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайды деп күтілуде.

Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын өндіру жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов институт қызметкерлерімен кездесіп, олардан мән-жайды анықтады.

«Биофармацевтикалық зауыттың құрылысы және коронавирусқа қарсы отандық вакцина жасау Мемлекет басшысының ерекше бақылауында, сондықтан да біз бүгін барлық көкейкесті мәселелерді осы жерде талқылап, шешу үшін арнайы келіп отырмыз. Тұрғын үймен қамту, материалдық-техникалық базаны қамтамасыз ету, жалақыны көтеру мәселелері қазірдің өзінде шешімін табуда. Сонымен бірге сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүкіл ел сіздерге қарап тұр», – деп атап өтті Е.Тоғжанов.

Осы тұста кездесуге қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ірі зауыттың салынуы аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беретіндігін атап өтті.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов институт қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Нысанның құрылысы тамыз айында басталып, келер жылдың басында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар тағы екі тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.

Институт жұмысымен танысқан Ералы Тоғжанов онда Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институтының өзекті мәселелерін шешу бойынша кеңес өткізді.

Келесі кезекте Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Сортөбе ауылында аудан тұрғындарымен кездесіп, кездесуге аудан әкімі Рүстем Дәулет, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдарының қариялары қатысты.

Ералы Тоғжанов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қордайлықтармен бірге өзекті мәселелерді, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын талқылады. Ақсақалдар ел Президенті мен Үкіметке қамқорлық пен қолдаулары үшін алғыс білдірді. Олар аз ғана уақытта ауданда ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер орын алғанын атап өтті.

«Биыл көптеген әлеуметтік мәселелер шешілді. Ауылдар газбен, сумен, интернетпен қамтамасыз етілуде. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынуда. Тұрғындар бейбітшілік пен келісім болмаса, мұның бәріне қол жеткізу мүмкін еместігін жақсы түсінеді. Аға буын өз тарапынан ұлтаралық келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөліп, жастарды халықтық дәстүрлер мен сыйластық негізінде тәрбиелеуге барымызды салып келеміз, – деді аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.

Масаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаровтың да ойы осыған ортақтасты.

«Біздің ауыл адам танымастай өзгерді. Барлық мәселелер шешілді. Енді біз тек өзара достық пен келісімде, бейбітшілік пен түсіністікте өмір сүруіміз керек», – деді ол.

Ералы Тоғжанов өз кезегінде тұрақтылықты сақтауға әр адам атсалысу керектігін атап өтті.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ҚХА елімізде тұратын көптеген этностар арасындағы бейбіт және үйлесімді қарым-қатынасты нығайтуға көмектесті. Осы бірегей модельсіз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес еді. Өскелең ұрпаққа осы құндылықтарды сақтау және жеткізу – әрбір адамның міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданын дамытуға биыл 35 миллиард теңге бөлінді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін, өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында жасалуда. Біздің арман-тілегіміз ортақ, бәріміз бейбітшілікте өмір сүруді қалаймыз», – деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, кездесуде ел Президентінің тапсырмасы бойынша ауданда жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының нәтижелері сараланды. Бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп, жергілікті тұрғындарды мазалайтын проблемалық мәселелер анықталып, шешімін тапты. Жұмыс топтары мыңнан астам кездесу өткізіп, онда 30 мыңға жуық тұрғын қамтылған.

Сондай-ақ, вице-премьер Масаншы ауылындағы ағымдағы жылдың ақпан айында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келтірілген бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді аралап көрді. Ауыл тұрғындары мемлекет басшылығына көрсетілген қолдаулары үшін ризашылығын жеткізді. Мұнда Е.Тоғжанов «Самұрық-Қазына» ӘЖДҚ қолдауымен салынған спорт алаңында болды.

Қаракемер ауылында делегация кезекте тұрғандар үшін салынған жаңа жеке үйлермен танысты.

Жамбыл облысы

әкімінің баспасөз қызметі


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.