home
home home

Үздіктер бас қосқан күн

Үздіктер бас қосқан күн

Қордайдың қасиетті топырағында талай таланттар мен тарландар дүниеге келген. Ақын мен батыр шыққан мекеннен спорт саңлақтары да самғап ұшып, олардың ізбасарлары бүгінде аудан намысын облыстық, республикалық және халықаралық дәрежеде қорғап жүр. Қазіргі таңда ауданның спорт саласы қарқынды дамып, қордайлықтар биіктерден көрінуде.

 

Оған дәлел ретінде өткен жылдың қорытынды-сы бойынша аудан әкімі Болатбек Байтөле Қазақ спорт және туризм академиясы және «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының сараптамасымен «Үздік спортқа жанашыр аудан әкімі» атағын иеленген болатын. Ал, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі облыс бойынша «Ең үздік спорт бөлімі» деп танылды. Осы жетістіктерге орай күні кеше аудан спортшылары, спорт жанашырлары мен спорт ардагерлері бас қосып, үздіктер марапатталды.

Бұл күнгі басқосуға кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Мәзімбаев, жекпе-жектен әлем чемпионатының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Төлеген Ақылбеков, панкратион және бушидодан әлем чемпионы, күрестен спорт шебері Аслан Тоқтарбаев, еркін күрестен Қазақстан чемпионы, спорт шебері Нұрлан Әшкен және кикбоксингтен алты дүркін Қазақстан чемпионы Асхат Жантұрсынов және өзге де спорт саңлақтары келді.

Іс-шара барысында қатысушылар алдымен ұлттық алаңдағы тоғызқұмалақ ойынын тамашалады. Соңғы жылдары бұл ойын түрі ауданымызда мықтап қолға алынған. Нәтижесі де жаман емес. Жерлестеріміз облыстық және республикалық додаларда топ жаруда. Бұдан кейін қонақтар «Самал» мейрамханасында жайылған дастарханға жайғасты. Кездесудің шымылдығын ашу үшін сөз кезегі алдымен аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозовке берілді. Аудан әкімінің ыстық ықыласын ала келген Бейқұт Тілебалдыұлы жүрекжарды тілегін айтып, саладағы тың жаңалықтармен бөлісті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы аясында ауданымыздың спорт жанашырлары, Сортөбе ауылының бір топ кәсіпкер азаматтары ауылға шағын футбол алаңын салса, өткен жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Әлжан ана ауылында шағын футбол алаңы қолданысқа берілді. Қордай ауылының орталық саябағына спорттық тренажерлар орнатылып, келер жылы демеушілер тарапынан Әлжан ана ауылында спорт кешенінің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Осындай игі істер ауданымыздың спорт саласының дамуына және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізері сөзсіз, – деп өзге де жаңалықтар мен жеткен жетістіктерге тоқталып өтті.

Расында, ауданда соңғы жылдары спорт саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылып, спорттық нысандар бой көтеруде. Мәселен, өткен жылы ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, Қордай ауылында 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді.

Құттықтау сөзінен кейін Бейқұт Жамангозов спорт саласының дамуына үздіксіз үлес қосып жүрген Светлана Голендова, Алина Ахметова, Ерсін Ақпаев, Әлімтай Молдасейітов, Мұрат Өсербаев және Қазбек Сағын сынды азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Келесі кезекте аудандық ат спорты федерациясының президенті Бақыт Байтөле сөз алып, ұлттық ат спортын дамытуға үлес қосқан, үздік және жетістікке жеткен ат иелерін, үздік шабандоздарды, үздік көкпаршылар мен көкпар жанашырларын марапаттады. Сондай-ақ, марапат рәсімін жалғастырған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет үздік спортқа жанашыр ауыл әкімін, үздік спорт мекемесін, үздік футбол командасын, үздік дене шынықтыру пәні мұғалімін және белсенді жаттықтырушыларға Алғыс хатын табыстады. Ал, ауданның Құрметті азаматы Сманалы Тұрғынбай үздік спорт клубын, үздік федерацияны, үздік спорт жанкүйерін анықтап, Алғыс хатпен марапаттады. Мерекелік кеште қонақтарға аудандық Мәдениет үйі әртістерінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Кездесуге келген қонақтар әрі қарай жекпе-жектен әлем чемпионатының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Төлеген Ақылбековтың шеберлік сағатын тамашалап, спортшы жас жеткіншектердің сұрақтарына жауап берді. Ал, өзге де спорт саңлақтары аудандық №1, №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебін аралап, онда дәріс алатын спортшылармен кездесіп, ақыл кеңестерін айтып, болашақта чемпион болуларына тілекші екендерін жеткізді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.