home
home home

Үздік еріктілер марапатталды

 

Өтіп бара жатқан жыл Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі еріктілер үшін де маңызды жыл болды. Пандемия кезінде барша еріктілер, оның ішінде жамбылдықтар да өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Олардың көмегін коронавируспен ауырған мыңдаған адамдар ғана емес, сонымен қатар аз қамтылған және мұқтаж отбасылар да сезіне білді.

 

Белсенді еріктілеріміздің жұмысы ағымдағы жылдың күз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығымен бағаланды. Бұл сыйлық әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлер топтарын, волонтерлік ұйымдарды көтермелеуге бағытталған.

Жамбылдық еріктілерге марапаттарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады. «Корпоративті волонтерлік көшбасшылары» номинациясын Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшісі Хамида Тұрдыева жеңіп алды.

– Еріктілер қозғалысына қатыса отырып, мен көптеген лайықты адамдарды көрдім. Ортақ іске үлес қоса алғаныма өте қуаныштымын. Осы орайда «Жаңғыру жолы» қозғалысы мүшелерінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бірнеше жылдан бері олар тарихи және мәдени орындарды сақтау мен қалпына келтіруге белсенді атсалысуда. Мен өз жеңісімді облыстың барлық еріктілерінің жеңісі деп санаймын, – деді Хамида Тұрдыева.

Тоғыз жылдан бері еріктілер қатарында жүрген Қордайлық Станислав Насыров «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен марапатталды.

– Мен үшін қайырымдылық пен көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созу үйреншікті іске айналды. Жұмысымның бағаланғанына өте қуаныштымын. Бұл марапат мені алдағы уақытта да белсене жұмыс істеуге шабыттандырады. Шынымды айтсам, мен жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын, – деді С.Насыров.

Аймақ басшысы жамбылдық еріктілерге пандемияның ең қиын кезеңдеріндегі белсенділіктері үшін алғыс айтты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, коронавирус жағдайын тұрақтандыруда еріктілердің сіңірген еңбегі зор. Біз жамбылдық еріктілердің ең қиын сәттерде нағыз ерлік көрсеткендігінің куәсі болдық. Олар науқастарға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға уақыттарын қиып, күштерін сарқып, денсаулықтарын қауіпке тіге отырып, аянбай көмектесе білді, – дей келе Бердібек Сапарбаев облыс басшылығы атынан еріктілерге алғыс айтты.

Қазіргі таңда облыста алты мыңға жуық ерікті бар. Аймақ басшысының айтуынша, волонтерлікті тек қалалар мен облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар барлық ауылдарда дамыту қажет.

Бердібек Сапарбаев келер жылы Таразда белсенді жастар, оның ішінде еріктілердің бас қосуына арналған Жастар орталығы ашылатынын атап өтті.

– Бұл орталық өзекті тақырыптарды талқылауға, сондай-ақ түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға арналған алаң болады. Сондай-ақ, мұнда жастар қозғалысының кеңселерін орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл облыс жастарының кездесіп, өзара пікір алмасатын орынға айналады, – деді ол.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.