home
home home

Ұлы жеңіс сардарлары

 

Ел жадында мәңгіге қалатын Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне, тылда еңбек еткен ардагерлерге көрсетілетін құрмет жылдан жылға арта түспесе, кемімек емес. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында аудан әкімі Рүстем Дәулет және аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов ардагерлердің үйлеріне барып, оларды мерекелерімен құттықтады.

Аудан басшысы мерейлі мереке қарсаңында Кенен ауылына жол тартып, онда Ұлы Отан соғысының ардагері Керімқұл Қосақовтың үйіне барды. Бірінші кезекте Рүстем Дәулет Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің және аудан әкімінің Құттықтау қағазын ұсынып, сый-сияпат жасады. Ардагердің хал-жағдайын сұрастырып, аз-кем сұхбаттасқан соң Керімқұл Қосақов тәуелсіз мемлекетіміз жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек ете келе, мемлекет және аудан басшылығына алғысын айтып, батасын берді.

Осыдан соң аудан әкімі Қордай ауылында тұратын Михаил Бакшеевтің үйіне барды. Жасы жүзге таяп қалған майдангерге Рүстем Рысбайұлы жылы лебізін білдіріп, Президент пен «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының және аудан әкімінің Құттықтау қағазын табыстап, арнайы алып келген сыйын ұсынды.

Келесі кезекте Рүстем Дәулет Николай Кожушконың үйіне барып құттықтады. Дәл сондай Құттықтау қағаздары мен сыйлықтарын тарту еткен соң, аудан әкімі еліміздің жеткен жетістіктері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің лайықты еңбегінің нәтижесі екенін атап өтіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан қарияға алғысын білдірді.

Ал, майдангер Иван Ирхин үйіне келген қонақтарға: «Біз сіздерге Жеңісті алып келдік, сіздер бейбіт өмір сүріп, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер», – деп алғысын айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.

«Біз осындай бейбіт өмір үшін сіздердің алдарыңызда қарыз-дармыз», – деген Рүстем Рысбайұлы ардагерлер әрдайым мемлекеттің қамқорлығында болатынын атап өтті.

Айта кетсек, бұл күні әр ардагердің үйіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары да бірге барып, ән айтып, би билеп оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.