home
home home

Ұлы дала ойындарын жаңғырту

Ұлы дала ойындарын жаңғырту

Ұлан байтақ жерімізді ғасырлар бойы мекен еткен ата-бабаларымыздың өмір-тіршілігі о бастан аңшылықпен, одан қалса жаугершілік заманда жауға қарсы соғыспен байланысты болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Қазақ даласында ер жігіттердің шеберлігін шыңдап, ептілігін арттырып, білектің күшін бекемдейтін спорттық ойын түрлерінің пайда болуы осыдан болар.

Ұлттық болмысымыздың айнымас бөлігіне айналған спорт түрлері кеңес дәуірінде айтарлықтай кенжелеп қалғанына қарамастан, еліміз егемендік алып, Көк байрағымыз желбіреген тұста салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, ұлттық ойындардың өрісі кеңейді. Бұл қатарда қазақ күресі, аударыспақ, көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату сынды көптеген ойын түрлері бар. Алайда, ұлттық спорт түрлері мұнымен шектелмейді.

Осы орайда, өткен жылдың 1 наурызында ауданымызда №3 балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғаны белгілі. Бұл мектептің негізгі бағыты ұлттық спортты дәріптеу болып табылады. Яғни, мектеп оқушылары тек ұлттық ойындарды меңгеріп, шеберлігін шыңдайды. Бұл мектепте асық ату, көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, қазақша күрес (ұлдар және қыздар), садақ ату (жамбы ату) сынды спорт түрлерінен 6 және 18 жас аралығында аудан бойынша 219 бала тәлім алады. Тағы бір айта кететіндігі, әзірше тек Жамбыл облысында ойналатын «алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны бар. Оның ерекшілігі ұзындығы 5 метр, ені 4 метрлік алаңда 20 бала «үлкен құмалақтармен» ойнайды. Бұл тек ойды емес, мықтылықты да шыңдайды. Спорт мектебінің директоры Ғалым Әлімжанов болашақта құсбегілікті үйретуді қолға алатын ойы бар. Бұған директор Қордай ауылының тұрғыны, құсбегі Болат Сипатаевты тартуды көздеп отыр. Өткен жылы асық ату және көкпардан бірнеше жарыс ұйымдастырылса, ауданның 90 жылдық мерейтойында мектеп оқушылары аударыспақ және теңге ілуден өз өнерін ортаға салды. Жақында оқушылар қазақша күрестен республикалық чемпионаттан оралса, тоғызқұмалақтан облыс чемпионы атанды.

Жалпы, мектеп аудандық ат спорты федерациясымен тығыз байланыста жұмыс істегендіктен, мұнда бәйге мен көкпарға ерекше мән беріліп келеді. Жақында көкпардан ересектер арасында аудандық турнир өтіп, үздік төрт команда наурыздың 22-де бас жүлдені сарапқа салады. Мұндағы мақсат – ауданның құрама командасын іріктеп, облыстық, республикалық жарыстарға шығу екен.

Биылғы жылдың 6 шілдесінде жасөспірімдер арасында көкпардан турнир өткізуді және 1 желтоқсан күні Жамбыл облысы кубогын сарапқа салуды жоспарлап отыр Ғалым Бекмырзаұлы. Сонымен қатар, 22 наурыз күні алаңдағы тоғызқұмалақ және асық атудан жарыс өтпек.

Айта кететіні, ұлттық спорт түрлеріне бағытталған спорт мектебі облыс бойынша тек біздің ауданда ашылған. Ноғайбай би атындағы атшабарды реконструкциядан өткізіп, көрермендерге арналған ғимарат және мектеп жанынан атқора салу жайындағы жоспарды естігенде, аудан басшылығы мен спорт жанашырларының ұлттық спортқа деген көзқарасын байқауға болады. Ендігі кезекте жас спортшылардан толағай табыс пен жетістіктер күтеміз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта