home
home home

Ұлт саулығы – болашақ кепілі

Ұлт саулығы – болашақ кепілі

 

Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласы болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік жағдайының маңызды компоненті ретінде белгіленді. Осылайша, «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі», дегенді қадап айтқан Тұңғыш Президенттің бастамасымен әр аймақта су жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, сапалы қызмет көрсету мәселесі мықтап қолға алынды. Сол игі істің шапағаты ауданымызға да тиюде.

Былтыр Әлжан ана және Жаңатұрмыс ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория бой көтерсе, шалғайдағы Көгадыр ауылында 10 келушіге арналған медициналық пункт   ашылып, ауыл азаматтарының игілігіне берілді. Биыл осындай жұмыстардың екі есе қарқынмен жалғасып жатқаны елімізде медицина саласының қарқынды дами түскенін көрсетеді. Мәселен, облыс бойынша 40 медициналық нысанның құрылысы басталса, соның 8-і біздің ауданға тиеселі болып отыр. Айталық, Кенен ауылындағы медициналық пункттің тозығы жетіп, ұзақ жылдар жаңа ғимаратқа көшуді армандаған кенендік ақ халаттылардың биыл айы оңынан туғалы тұр. Мұнда 15 келушіге арналған медициналық пункт салынуда. Сонымен бірге, шалғайдағы Бел ауылы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Онда 5 келушіге арналған медициналық пункттің тұсауы кесілмек. Осы орайда Қордай асуындағы Мұзбел ауылына да осындай медициналық нысанның салынып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл ғимараттардың құрылысын жүргізіп, кілтін табыстауды «Астана Энерго Мастер» ЖШС қолға алыпты. Сонымен бірге, Қалғұты, Сарыбастау, Бәйтерек ауылдарында да медициналық пункт салынып жатса, Қызылсайда фельдшерлік-акушерлік пункт, Степнойда дәрігерлік амбулатория құрылысы қарқынды жүруде. Мұндағы құрылыс жұмыстарымен «DTAiK» ЖШС айналысуда. Байқасаңыз, биыл негізінен аталмыш игілікпен шалғай ауылдардың қамтылғанын көресіз. Бірден осыншама медициналық нысанның ауданымызда құрылысы жүруі бұрын-соңды болмаған жағдай екенін ерекше атап өту керек. Барлығы ойдағыдай болатын болса, биыл сегіз ауылда салтанатты ашылу рәсімдері өтіп, су жаңа медициналық мекемелер өз жұмыстарын бастайтын болады. Осы тұста, ауданымызда қанатын кеңге жайған мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында бой көтеріп жатқан осындай нысандардың күн санап артып келетінін айта кеткен жөн. Мемлекет тарапынан мықты қолдау тапқан осы әріптестіктің ауданымызда аясы одан әрі кеңейе түсеріне сенім мол.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта