home
home home

Үлкен өмірге сенімді қадам

Үлкен өмірге сенімді қадам

 

Кезекті оқу жылы соңына таяп, аудан түлектері үшін балалықпен, алтын ұя мектебімен қоштасар сәт туды. Сәрсенбі күнгі салтанатты шара барысында болашаққа зор үміт артып, жоспар құрған бозбала мен бойжеткендер ұстаздары мен ата-аналарының құттықтауын қабыл алды. Айта кетсек, бұл жолы аудан бойынша 1204 оқушыға жалпы орта білімі туралы аттестат табыс етіліп, 18 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.

Қаракемер ауылдық Ә.Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің түлектері үшін бұл күн ерекше өтті. Мектеп бітірушілердің аттестатын аудан әкімі Болатбек Байтөле салтанатты түрде табыс етіп, жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев те қатысты. Өз кезегінде Болатбек Байқонысұлы түлектерді жарқын мерекемен құттықтап, алдағы өмірлік жолдарына сәттілік тілей келе, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтайтындарына сенім білдірді.

– Ауылдарыңыздан, осы мектептен талай атақты адамдардың шыққаннын жақсы білесіздер. Мұнда бүкіл елге танымал тұңғыш тілші әйел Л.Аймашева, жазушы-публицист Ә.Көпішев, аты аңызға айналған математик М.Өтелбаев сынды көптеген аға-әпкелеріңіз оқыды. Сіздер де сол азаматтар сияқты болашақта биіктен көрініп, Әбіл Нүсіпбаевтай батыр бабаларыңыздың есімімен аталған мектептің мақтанышына айналатындарыңызға кәміл сенемін, – деп атап өтті аудан басшысы.

Шын мәнінде, Қаракемер ауылдық мектебінің жетістігі жетіп артылады. Биыл мұнда төрт «Алтын белгі» иегерлері бар. Олар Гаухар Смағұл, Инабат Бәзіл, Мерейлім Бейсе және Әлия Бешеналы. Бұл бойжеткендер 11 жыл бойы озат оқып, өзгелерге үлгі бола білген. Аудан әкімі осындай оқу озаттарына аттестат, «Алтын белгі» және естелік сыйлықтарын табыс етті.

Айта кетсек, биыл мектеп үшін жағымды жаңалық көп. Жақында білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жоспарлануда. Бұл мақсатқа бюджеттен 190 млн. 947 мың теңге бөлінген. Елбасының «болашақтың кілті білімді жастардың қолында» деуін ескерсек, бұл жұмыстар оның алға қойған міндеттерінің іске асырылуының бір дәлелі болатындай.

Сондай-ақ, бұл күні ауылдық округ және мектеп басшылығының ұйымдастыруымен салтанатты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір сынды танымал тұлғалар және «5 студия tv production» ЖШС директор-продюсері Толқын Сейдоллақызы шақыртылыпты. Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда Қаракемер ауылында «Мәдениет үйі» фильмінің түсірілімі жүргізілуде. Балалар аты аталған аға-әпкелерімен танысып, солардың қолынан аттестатын алды. Өз кезегінде қонақтар мектеп түлектерін құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, ән айтып, ақ баталарын берді.

– Бұл өмірлеріңіздегі есте қаларлық ерекше күн. Жолдарыңыз әрқашан ашық болсын. Сынақтардан сүрінбей өтіп, таңдаған мамандықтарыңызға, аңсаған армандарыңызға жетулеріңізге тілектеспіз, – деп әртістер ағынан жарылды.

Дәл осындай салтанатты шара аудан орталығындағы №2 М.Ломоносов атындағы орта мектепте өтті. Бұл күні түлектер мектебімен қимастықпен қоштасып, залға жиналған қонақтардың ыстық ықыласын қабыл алды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан 20 оқушының қатарында оқу озаттары да жоқ емес. Солардың бірі «Алтын белгі» иегері Мұсақан Алтынбек болса, екіншісі ерекше үлгідегі аттестат иегері Мөлдір Тлеулес. Балақайлар сыныптастарын айтулы күнмен құттықтап, ұстаздарымен естелік суретке түсті.

– Осы күнге дейін жүздеген түлекті үлкен өмірге жетелеп, мектеп табалдырығынан шығарып салғаныма қарамастан, бүгін ерекше толқып тұрмын. Шәкірттерімді қолымнан келгенше білім нәрімен сусындатып, жүрегімнің жылуын сыйлауға тырыстым. Мен үшін әр оқушының ұстаз өмірінен алар орны ерекше. Үлкен өмірге аяқ басқан балаларыма шын жүректен ақ жол тілеймін, – деді сынып жетекшісі Бибігүл Ықласова.

Осылайша, қырық жылдан астам жұмыс өтілі бар тәжірибелі ұстаз шәкірттеріне өмірден өз орнын тауып, тәуелсіз Қазақстанның тізгінін ұстар азамат болуларына тілегін білдірді.

Іс-шара соңында кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын аттаған түлектер соңғы мектеп вальсін биледі.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.