home
home home

«Үлгілі ауыл» жобасы үздік атануға лайықты мекен

 

Жақында облыс әкімінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған әр ауданнан бір-бір ауылдан қатысты. Біздің ауданнан үлгіліден үмітті деп Кенен ауылы таңдалып, бүгінде бағын сынауда. Ауылдың экономикасының өсуі, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, ауыл жұртының бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқаудың қорытындыланар уағына шақ қалды. Байқаудың нәтижесін шығару үшін облыстан арнайы жұмысшы топ құрылып, олар әр ауданнан сынға түскен ауылдарды аралауда. Жұмысшы топ өткен бейсенбіде Кенен ауылына ат басын бұрған еді.

 

Ел арасында киелі ауыл атанған Кенен үлгілі ауылға әбден лайықты десек артық айтпаспыз. Өнерлі ауылдың бір-бірімен туғанындай араласатын тұрғындарының ауызбіршілігі әрдайым ел аузында. Қазақи дәстүрді жоғалтпай, салтын сақтаған ауылдардың бірегейі. Табиғатына сән берген Қордай асуының етегі мен таза ауасы. Ауылдың киелілігін Алатаудың ақиығы ұзақ ауырып жатып, Отардан осы ауылға көшіп келгенде дереу сырқаттан жазылғандығынан аңғаруға болады. Ол жайында ақын өз өлеңінде:

-Үкімет еңбегімді бағалады,

Үй салдырды Қордайдан шағалалы.

Көшіп келіп Отардан кіргеннен соң,

Денсаулықтың нышаны жағалады.

Қордайдың айналайын жерінен де,

Тұнық су, қоңыр салқын желінен де, – деп ауылдың табиғаты, соққан желі ем болғанын жырлайды. Бүгінде киелі ауылдың тұрғындары мал шаруашылығы мен егінді кәсіп еткен. Жазды күні жайлауда, қысты күні қойлы ауылда қойын бағып, егінін орып, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына қомақты үлесін қосуда.

Мұнда ауыл тұрғындарына қажеттінің бәрі бар. Салынғанына көп болмаған су жаңа екі қабатты мектеп, көздің жауын алатын ауылдық мәдениет үйі. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іске қосылған балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы. Спорттық алаңдар мен жаңа салынған ауылдық амбулатория және ақын атаның мұражайы тағы бар. Көп ұзамай кенендіктер «көгілдір отынның» қызығын көрмек. Бүгінде  газдың ауылішілік желілері тартылып тасталған. Сондай-ақ, жаңа ауыз су жүйесі жүргізілуде. Осылайша үлгілі болуға үмітті ауылға келген облыстық жұмысшы топ әуелі Кенен Әзірбаевтың мұражайына бас сұқты. Бұл бұрыннан қалыптасқан дүние. Мұражайға алыс-жақыннан жылына бес мыңнан астам адам келеді. Жұмысшы топты бастап келген облыстық мәслихат депутаты Масат Берік ақын мұражайына кіріп, ақын жайлы тың деректерге қанық болып, мұражай тарихымен танысты. Төрт гектарды алып жатқан мұражай аумағына әр түрлі ағаштар отырғызылып, бүгінде ауылдың көрікті жеріне айналған. Осыдан кейін, арнайы бағалауға келген жұмысшы топ төрт топқа бөлініп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Яғни, әлеуметтік салаларды дамыту тобы ауылдық амбулаторияның, «Еркем-ай» мен «Алтын бесік» балабақшасының, Е.Қашағанов атындағы орта мектептің жұмыстарымен танысты. Ал, экономикалық көрсеткіштерді және инфрақұрылымды дамыту тобы Кенен Әзірбаев атындағы музейдің күрделі жөндеу жұмыстарын, ауыл ішіндегі газдандыру жұмыстарын, ауылішілік су құбырларын жүргізу және ауылдың абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамыту тобы болса егін шаруашылығы кәсіпкерлерінің субсидияға және жеңілдетілген несиге алған техникаларының көрмесін қарап, ауылдағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысына мән берді. Ал, тәрбиелік-идеологиялық топ облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған асарлатып үй салу жобасы аясындағы жұмысын бағалады. Қашан да қайырымдылыққа жаны құмар кенендіктер бұл жоба жұмысын о бастан қолға алған. Ауыл тұрғындары болып ортақ қазына құрып, жыл сайын жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған отбасыларға қол ұшын созып тұрады. Бұл асарлатып үй салу жобасы бойынша ауыл жұрты көпбалалы бір отбасына үй салып беруді қолдапты. Бүгінде алты баланың анасы Бағдагүл Әбдиева жақын күндері жаңа үйіне кірмекші. Қабырғасы қаланып, шатыры жабылған үйдің жұмысымен танысқан топ өкілдері ауыл тұрғындарының жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, тәрбиелік-идеологиялық топ ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Қос қабаттан тұратын ғимаратта ауыл өнерпаздарының жұмысы қызу.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.