home
home home

Үкіметтік емес ұйымдар турасында

 

Өткен сәрсенбі күні аудан әкімдігінің жанынан құрылған үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекет ету бойынша комиссия отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов төрағалық еткен іс-шара қаржыландыру шарттарын белгілеуге, нақтылауға, сонымен бірге атқарылған жұмыс қорытындысын шығаруға бағытталды.

 

Айта кетсек, комиссия отырысына салалық бөлім басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Үкіметтік ұйымдар қоғам игілігіне қызмет атқаратыны белгілі. Осы орайда бүгінгі таңда мемлекет осындай бірлестіктердің дамуына ден қоюда. Жиын барысында ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Сатымқұл баяндама жасап, бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Келесі кезекте жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Заурбаева баяндама жасады. Баяндамадан белгілі болғандай аудан бойынша арнайы әлеуметтік қызметке 305 азамат мұқтаж екен. Қажетті қызметті қамтамасыз ету үшін конкурс негізінде 2 үкіметтік емес ұйым іріктеліп, ол тиісті қызметін көрсетуде. Баяндамашы мүмкіндігі шектеулі адамдарға күтім жасау үшін бөлінетін қаражат мөлшерлері мен тиісті мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысы жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар, өз баяндамасын жұмыспен қамту орталығының директоры С.Көпешов ұсынды. Баяндамашы сотталған және жазасын өтеп келген азаматтарды пробациялық бақылау және оларды оңалту мәселесін көтерді. Жазасын өтеп келген азаматтарды оңалтумен үкіметтік емес ұйым айналысуда, бұл жөнінде тиісті келісім-шартқа қол қойылған. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан 890 мың теңге бөлінген. Одан басқа мемлекеттік орган өкілдері бірқатар сұрақ бойынша түсіндіру берді. Осы орайда ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік тендерлерге қатысу ережелері туралы хабардар болуы үшін Б.Жамангозов салалық бөлім басшыларына семинар өткізуді тапсырды.

Серғазы Манасбаев

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.