home
home home

ҰБТ-ны жылына төрт рет тапсыруға болады

ҰБТ-ны жылына төрт рет тапсыруға болады

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2016 жылдан бастап жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыруға байланысты жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі осы жылдан бастап ҰБТ-ны жылына 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тапсыру мүмкіндігі болып отыр.

Тестілеу ақылы негізде өтеді, құны – 2242 теңге. Жалпы 2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен, жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.

Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өткізілген ҰБТ-ы қорытындысы бойынша шекті балын жинаған тестке қатысушыға жоғары оқу орнында тек ақылы бөлімге түсуіне құқық береді. Сонымен қатар, ҰБТ-ны қаңтарда, наурызда тапсырғандар негізгі ҰБТ-ны маусым айында да тапсыра алады. Егер мектеп бітіруші түлек мемлекеттік білім грантын алғысы келсе, міндетті түрде мау-сым айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуы керек. Маусым айында тапсырған ҰБТ-ның қорытындысы бойынша білім беру грантын беру конкурсына қатыса алады.

Осы жылдың 19 қаңтарында ауданымызда бірінші «қысқы» ҰБТ өтті. Тестілеуден өткен  оқушылар саны саны – 402 (барлық бітірушілер саны 987), оның ішінде 351 қазақ сынып, 51 орыс сынып оқушылары. Шекті деңгейден яғни 50 балдан жоғары балл жинаған оқушылар саны 232 (немесе 57,7%). Ал 170 оқушының жинаған балдары  бекітілген межеден аса алмады. Яғни, бұл оқушыларға әлі де дайындық жұмыстарын жандандырып, білімдерін шыңдай түсуі қажет дегенді білдіреді.

Бейінді пәндер комбинациясы бойынша түсушілер «Математика-физиканы» 89 (22,1%), «Химия-биологияны» – 94 (23,3%) таңдаған. Бұл біздің түлектер Елбасының техникалық мамандықтарға білім беру гранттарының санын 20 мыңға көбейту жөніндегі әлеуметтік бас-тамасын дұрыс түсінетіндігін растайды.

Наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірген оқушылар міндетті түрде ақпан айының 1-15 аралығында өтініштерін тапсыру қажет. Өтініштерді мектептерде немесе Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясында орналасқан Ұлттық тестілеу орталығының  филиалына тапсыруға болады. Наурыз айындағы ҰБТ осы айдың 24-29 аралығында өткізу жоспарлануда.

Қаңтар, наурыз айларындағы өткізілетін ҰБТ-ның басты басымдылықтары мен мүмкіндіктері!

  1. Маусым айындағы негізгі ҰБТ-ы тапсыру және білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырмайды;
  2. Бейіндік пәндердің комбинациясын өзгертуге мүмкіндік береді. Мысалы: қаңтар айында: математика-физика, наурыз айында: математика – география;
  3. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, негізгі (маусым) ҰБТ-ға дейін сынақтан өтіп, білімдерін қайта тексеру;
  4. Тестілеуді өткізудің шарттары мен белгіленген ережелеріне бейімделуді қамтамасыз ету;
  5. Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне таңдаулы (қаңтардағы немесе наурыздағы) сертификатпен қабылдану.

 

Е.Тайбеков,

аудандық Ұлттық тестілеу  орталығының  басшысы


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта