home
home home

Уақыт оларды таңдады

Уақыт оларды таңдады

Биыл Ауғандағы отты жылдардың аяқталғанына 31 жыл толып отыр. 

Талай ананы перзентінен айырған, мыңдаған адамды қыршынынан қиған қасіретті де қайғылы ауған соғысы тариx беттерінен өшпек емес.

Бұл майдан енді есейген бозбалаға бауырдың жақындығын, жүректің батылдығын, бейбіт күннің қадірін білуге ұғындырды. Зұлмат шақта кеудесiн оққа тосқан кешегi бозбала бүгiндерi елге қадiрлi ер азаматтарға айналды. Жылдар өткенімен, өрімдей жас жауынгерлердің өшпес ерлігі ел есінде сақтаулы. Осы айтулы күнге орай аудандық музейде қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ете отырып, жастардың бойында патриоттық сезімін ұялату мақсатында отты жылдардың куәгері Бақтығали Дошимбетұлы Қаржауовпен «Уақыт бізді таңдады…» атты кездесу өтті. Түрлі қиындыққа қарамастан Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеп қайтқан жауынгер қазір бейбіт өмір сүріп, өнегелі отбасының ұйытқысы болып отыр. Іс-шараға «Қордай» гуманитарлы-экономикалық колледжінің «К1-119» тобының студенттері қатысты. Патриоттық іс-шараны музей құрылымының жетекшісі А.Изаева ашып, Ауғанстан жерінде болған соғыстың тарихи мағынасы туралы жан-жақты мәліметтер беріп, алапат соғыс өртін көзбен көріп, ерліктің еңселі туын жықпай елге оралған ауған соғысының ардагерлері әрқашанда жастар арасында үлгі-өнеге болып қала беретінін айтты. Кездесу қонағы өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлесіміз Бақтығали Дошимбетұлы өз естеліктерімен бөлісіп, ауған жеріндегі алғашқы күндер, әскери қызмет пен кездескен қиыншылықтар туралы айтып берді. Сонымен қатар жас буынға бейбіт өмірдің бағасын біліп, жақсы          тәрбие-білім алуға шақырып, өз Отанын қадірлейтін, еліне адал, жауапкершілігі мол азаматтар болып тәрбиеленуіне тілек білдірді. Өз кезегінде студенттер қызықтыратын сауалдарына жауап алып, ұрпақтар сабақтастығының ерекше ықыласқа толы көрінісі орын алды. Ардагер қанша уақыт өтсе де, басқа елде азаматтық борышын өтеген күндердің есінде мәңгіге қаларын айтып өтті. Кездесу қонағы патриоттық рух, көңіл-күй сыйлаған студенттер мен музей қызметкерлеріне ыстық ықыласы мен ризашылығын білдірді. Іс-шара соңында жастар тәуелсіз еліміздің гүлдену жолында белсенді қызмет етіп, игі істердің ұйытқысы атанып жүрген ауған соғысы ардагерінің алдында бас иіп, бақытты ғұмыр тіледі.

 

Әлия Қызырова,

аудандық тарихи-өлкетану

музейінің әдіскері

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта