home
home home

Тынымсыз еңбек жемісін бермек

 

Ауыл шаруашылығы

 

Облыс аудандары арасында қашан да алдыңғы қатардан табылған Қордай ауданының шаруалары биыл да көш басында екенін айта кеткен абзал. Осыған орай арнайы айдарымызды Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылында шаруасын дөңгелеткен диқандардың тіршілігіне арнағанды жөн көрдік.

Егіс алқабында ерте көктемнен басталған қызу еңбек бүгінде бел ортасынан асқан. Күні-түні бел жазбай, жаздың аптап ыстығымен арпалысқан диқандар ризығын Жер-Анадан теріп, алтын дәнді қамбаға құюда. Мәселен, көпшілікпен қатар ата кәсіпті қолға алған азамат – «Аманат» ШҚ басшысы Мұратбек Көпжасаров. Сонау 1982 жылдан бері ауыл шаруашылығынан қол үзбеген ол бүгінде 100 гектар алқапқа жаздық арпа мен мақсары сепкен екен.

«Мен басқарып отырған «Аманат» шаруа қожалығы 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында өз қаражатымызға бірқатар ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, ескісін жаңартып үлгердік. Осының арқасында жұмысымызды жүйелендіріп, иелігіміздегі жерді игеріп отырмыз», – деп сөзін бастаған шаруашылық басшысы алқапқа баруды ұсынды.

Бірден байқағанымыздай егістік басындағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Жайқалған алқап басынан әуелі дала алыбы – комбайнды көзіміз шалып, соған қарай бет алдық. Межеленген жерге жақындай бере техника жүрісін баяулатып, комбайншы қонақтарды қарсы алуға дайындалғандай болды. Расында да, бұл шаруашылықтың комбайншысы Руслан Дәнетбаевтың алыстан ақшаңқан көлікті көріп тоқтаған беті екен. Комбайншымен біраз әңгімелесіп, мән-жайды білген соң қожалық басшысы бізді жұмыстың барысымен, биылғы егіс жұмыстарының жағдайымен толығырақ таныстыруға кірісті.

«Менің бұл салада жүргеніме отыз жеті жыл болыпты. Егін егу, жалпы ауыл шаруашылығымен айналысу өте бір қызығы мен шыжығы мол іс. Мұнда барлығы – қолайлы ауа-райы, тынымсыз еңбек және білікті мамандарға байланысты. Абырой болғанда біздің шаруашылықта мұндай азаматтар жетерлік. Мысалы, комбайншы Руслан Дәнетбаев, тәжірибелі механизатор Алисаиб Абышев, қожалықтың қызметкері Шари Райымбековтер өз ісін жетік меңгерген, қандай жағдай болмасын оңтайлы шешім қабылдап, кез келген істі дөңгелетіп алып кететін мамандар. Айта кетерлігі, барлығы да өз ауылымыздың азаматтары. Ал, өнімділікке келер болсақ, биылғы жылғы жиған-тергеніміз көңілден шығып отыр», – дейді Мұратбек Түзелбайұлы.

Шынтуайтында, тәлімі жерден алынған егіннің өнімділігі жаман емес. Мұны шаруа көктемгі жауын-шашынның мол болуымен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда егін орағына «CLASS» комбайны, бес дана «МТЗ-82» тракторы, «ЮМЗ» жүк тиеуіші мен бірнеше тіркемелі жүк көліктері жұмылдырылған.

Округте дәл осылай шаруасын дөңгелетіп, қолға алған ісінің көзін тауып отырған агроқұрылымдар қатарында «Бек» шаруа қожалығы да бар. Бес жүз гектарға жуық алқапты игеріп отырған шаруашылық басшысы Ануарбек Спанов 171 гектарға арпа, 220 гектарға бидай, 20 гектарға дәндік жүгері және бақша дақылдарын сепкен екен. Бүгінде қожалық 30-ға жуық ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, бірер күнде егін орағына кіріспек.

Әлібек ОСПАНОВ

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.