home
home home

Тұрғындар пікірі ескерілуі тиіс

 

Келмеске кеткен кеңестік жүйенің әсерінен еліміздегі тарихи жер-су аттары ел жадынан өшіп, ұмыт бола бастағаны ешкімге де жасырын емес. Осының салдарынан атадан мұраға қалған жерлеріміз Георгиевка, Михайловка, Благовещенка сынды тілімізге жат сөздермен алмасты. Дейтұрғанымен мемлекетіміз тәуелсіздікке табан тіреп, көк байрағымыз көкке көтерілген сәттен бастап бұл мәселеге ден қойылды. Елдегі, қала берді өңіріміздегі жер-су аттарын өзгерту жұмыстары мықтап қолға алынды. Осының аясында бүгінде ұмытылып, ел жадынан өшкен тарихи атаулар қайта жаңғырып, елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін беруге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп келеді.

 

Осы жәйттердің алдын алып, олқылықтың орынын толтыру мақсатында «Тілдерді дамыту мен қолданудың» 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар ауқымды. Бағдарламада ономастика саласына да көп көңіл бөлінген. Онда: «…ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру арқылы, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау процесіне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту көзделеді. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіре түсу, сондай-ақ, географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу, оны орыс және басқа да тілдерде транслитерациялаудың ережелерін әзірлеу талап етіледі», деп нақты көрсетілген.

Иә, отыз жылда қаншама атаулар өзгертілгенімен бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған біз Қордай ауданы әкімдігінің жанынан құрылған ономастика жөніндегі комиссияның топ мүшелері бас қосқан жиында көзіміз жетті. Ауданға «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында келген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетова қатысқан жиында топ мүшелері ономастика саласындағы атқарылған ауқымды жұмыстар мен өзекті проблемалар талқыланды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері А.Қылышбекованың айтуынша, бүгінде Қордай ауылындағы бірқатар көшелердің атауларын өзгерту жұмыстары қарқын алған. Елді мекендегі кейбір көшелердің атаулары идеологиялық жағынан ескірсе, бірқатары қосарланып, көп қиындық туғызуда. Мәселен, ауданда әлі күнге дейін Победа, Заводская, Қызыл ту сынды көшелер, сонымен қатар аттары қосарланған Болашақ 1,2,3, Кебекбай шешен 1,2,3,4,5 сынды көшелер бар. Кездесуде басқарма басшысы Р.Тұрмаханбетова бағдарламада аталып өткендей атауларды өзгерту кезінде бірінші кезекте тұрғындардың пікірімен санасып, ақылдасу қажет екенін атап өтті.

Айта кетсек, жақында Қордай ауылдық округінің әкімі Б.Сахатовтың төрағалығымен жергілікті қауымдастық мүшелері және 200 шақты ауыл тұрғындары бас қосып, көше атауларын өзгертуді талқылады. Жиында бірқатар көшелерге Қажымұқан, Халифа Алтай, Мәшһүр Жүсіп, Қожа Ахмет Йассауи, Наурызбай батыр сынды басқа да тарихи тұлғалардың атауларын беру жөнінде шешім шығарылды. Осыны баян еткен А.Қылышбекова бұл жұмыстар мұнымен тоқталмай, келесі жылы өзге ауылдарда жалғасатынын атап өтті. Өз кезегінде Р.Тұрмаханбетова аталмыш мәселеден бөлек қазақ тіліндегі атауларда көптеп грамматикалық қателер кездесетінін, бұл проблема мекеме, коммерциялық нысандарда да орын алатынын жеткізді. Бөлім қызметкерлері осы мәселеге де көңіл бөлетін болады.

Жиында топ құрамына өзге де ауданда беделді, тарихтан хабары бар азаматтарды кіргізу мәселесі және алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Еркін Қатбеков


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.