home
home home

Туған жерге тарту

Туған жерге тарту

Осыдан бірнеше күн бұрын аудан орталығындағы орталық саябақтың кіреберісінде «I love Кordai» заманауи арт-нысаны пайда болды. Көпшіліктің көңілін алыстан баураған интерактивті жазу қазіргі таңда қордайлықтардың көзайымына айналып үлгерген.

Жаңа сәулет декорының ортасында жүректің символы бейнеленсе, екі жағына «I» және «Kordai» жазулары түскен. Мұны түгелімен оқыған адам «Мен Қордайды сүйемін» деген сөзді оңай-ақ аңғара алады.

Бүгінде саябаққа келген әрбір адам сәулеттік жазудың жанында суретке түсіп, туған жеріне деген ыстық ықыласын әлеуметтік желілер арқылы байқатып жүр. Мысалы, жас пен кәрі жаппай пайдаланатын инстаграм желісінде #IloveКordai хэштегі кеңінен таралып кеткен. Осындай жандардың бірі, аудан орталығының тұрғыны Гүлзаман Абасова есімді азаматша өзінің инстаграм парақшасында аталмыш хэштегті нысан аясында түскен суреттердің астына қоюды ұсынады. «Мұндағы басты мақсат – Қордайымызды көпшілікке таныту», – дейді өз бастамасын түсіндірген ол.

Қордай ауылдық округінің әкімдігі мамандарының айтуынша, дәл осындай арт-нысан аудандық Мәдениет үйінің аумағындағы «Махаббат» аллеясына да орнатылмақ. Қазіргі таңда жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетсек, туған жеріне деген ыстық сезімді әспеттейтін осы типтес жазулар Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз сынды ірі қалаларда бар.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта