home
home home

Төрт түлік – береке бастауы

Төрт түлік – береке бастауы

 

Биыл ауданымызда мал төлдету науқаны наурыз айынан бастау алып, сәуір айының соңына дейін жалғасын таппақ. Науқанды ойдағыдай өткізуге қажетті жағдайдың барлығы жасалған.

Қазіргі таңда аудан көлеміндегі үлкенді-кішілі 226 шаруашылықта 413000 қой-ешкі болса,

оның ішіндегі 216 000 бас саулық туытқа түсіп отыр.

 

 

Айта кетсек, өткен жылы мал қыстату науқанына 220272 тонна шөп дайындалып, қыстан шығынсыз шыққан шаруалар алдағы науқаннан мол үмітті. Мәселен, «Береке» шаруа қожалығы биыл жақсы нәтижеге қол жеткізіп, 100 бас саулықтан 110 қозы алып отырған жайы бар.

– Бұл көрсеткіш бізге аудан бойынша алдыңғы орынға шығуға мүмкіндік береді. Әрине, тірліктің оңайы жоқ. Мысалы, диқандар үшін дер кезінде егін салып, оны орып алу керек болса, малшылардың да жұмысы сол сияқты тынымсыз еңбекті талап етеді, – дейді шаруашылықтың басқарушы Тұрсыналы Жанаев.

Қазіргі таңда аталмыш құрылымның екі отарында 1500 аналық бас малдан бар. Мұнда сақман ақпан айының екінші жартысынан басталды. Биыл егіз туған төл көп. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін қораларда жағдай  жасалып, мал азығы жеткілікті мөлшерде дайындалған.

Сақманшылар туыт барысында тазалық сақтау, қойдың шуын арнайы шұңқырға тастау, қозыларды ауыздандыру сынды қажетті шаралардың бәрін бүге-шігесіне дейін игерген. Ал, малдары Жаңатұрмыс ауылының маңындағы жайылымда жайылады.

– Мал қыстату науқанын ойдағыдай өткіздік, жем-шөп артығымен жетті. Ендігі жерде көрсеткіш 100 пайыздан асады деп ойлаймын. Күн жылынып, жер көгеріп, қой-қозылар жайылымға шығарылды, – дейді шаруа.

Мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығымен де айналысатын «Береке» ШҚ ауданның агроөндірістік кешеніндегі ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының бірі. Ата кәсіптің көзін тауып, бүгінде бұл істі сәтті жалғастырып келе жатқан Тұрсыналы Жанаев мал төлдету науқанын ойдағыдай жүргізу үшін барлық қажетті дүниені игеріп, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін мол тәжірибесін қолданатын жан. Ал, шаруашылық қойлардың етті тұқымдарын көбейтуге ден қойған. Сондай-ақ, мұнда 20 бас ірі қара мен 80 бас жылқы бар. Қазіргі таңда шаруа асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды мақсат етіп отыр.

– Алдағы басты мақсатымыз мал шаруашылығын белсенді түрде одан әрі дамытып, тұрғындарды отандық сапалы өніммен қамтамасыз ету, – дейді Тұрсыналы Жанаев.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.