home
home home

Төрт спорт кешені бой көтеруде

 

Түрлі деңгейдегі дүбірлі додаларда топ жарып, еліміздің көк байрағын желбіреткен спортшыларымыз ауданымызда жетерлік. Бұған дәлел ретінде ауданымыздың мақтанышына айналған Марат Мәзімбаев, Төлеген Ақылбеков, Светлана Голендова сынды дарынды жерлестеріміздің жетістігін айтуға болады.

Ал, осындай ел абыройын асқақтатар спортшыларымыз көп болуы үшін, әрине бірінші кезекте халықтың спортпен шұғылдануына қажетті жағдай жасау қажет. Ортақ қуанышымызға орай, соңғы уақытта ауданда бұқаралық спортты дамыту жұмыстарына мықтап ден қойылған. Әр ауылда шағын футбол және воркаут алаңшалары бірінен соң бірі бой көтеруде. Бірнеше жыл бұрын Қордайда 320 орындық заманауи спорт кешені қолданысқа берілді. Аудан бойынша спорт секцияларының саны артып, үш спорт мектебі жұмыс істеуде. Бүгінде спорт мектептерінде 4499 оқушы тіркелсе, ауданда жалпы 316 спорт нысаны жұмыс істейді. Бұл нысандардың барлығы ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына қолжетімді. Осының арқасында тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 46 мыңға жақындап, жалпы тұрғындардың 31,6 пайызын құрады.

Биыл аудан бойынша сексеннен астам спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған он мыңнан астам азамат қатысты. Алайда, пандемия өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевтің айтуынша, биылғы талай жоспарлар орындалмай қалды. Десе де, жыл соңына дейін бірқатар спорттық іс-шараларды өткізу жоспарда бар.

Жалпы, биылғы жыл аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Мәселен, маусым айында ауданда бірден 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігерлердің айтуынша желтоқсан айының соңына дейін жұмыстар аяқталуы тиіс. Атап айтсақ, Қордай, Әлжан ана, Бетқайнар және Отар ауылында заманауи спорт кешендері бой көтермек. Әр спорт кешенінің құрылысына 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Дидар Молдағалиевтің айтуынша аталмыш спорт нысандарында барлық стандарттарға сәйкес келетін алаңда футбол, волейбол, баскетбол ойнауға мүмкін болса, сонымен қатар күрес, бокс және жаттығу залы да болады. Әр нысан толықтай спорттық жабдықтармен қамтылады және киіну бөлмесі, душ та қарастырылған.

Жоспар бойынша аталмыш нысандарда жаңа спорт секциялары ашылып, оған көршілес ауылдардың балалары да тартылмақ. Бұл әрине, бұқаралық спортты дамыту ісіне айтарлықтай үлес қосары анық.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.