home
home home

ТОЙДЫ  ТОҚТАТА ТҰРҒАНЫҢЫЗ АБЗАЛ

ТОЙДЫ  ТОҚТАТА ТҰРҒАНЫҢЫЗ АБЗАЛ

 

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында: «Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!», деді.

Расында да, шектеуге қарамай той өткізіп, арты аурудың өршуіне соққан шерменде уақыт қазір. Газетімізді оқып жүрген оқырман соңғы кезде көңіл айтудың тым көбейіп кеткенін байқаған да болар. Тойға барыпты, астан қайтыпты, ұзатудан оралыпты, жұқтырыпты, ауырыпты, ауруханаға түсіпті, одан кейін…

Иә, одан кейінгіні айтудың өзі қорқынышты. Тойды ешкім мәңгіге тоқтатпайды. Бұл тек, мына ауру айылын жиғанша жасалып отырған уақытша шара. Алайда, оған құлақ аспай, көпшілікті жинап, арты қайғылы жағдайға ұласып жатқаны бүгінгі күннің шындығы.

Жақында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев карантин тәртібін сақтамай, той жасағандар қалай жазаланатыны туралы кесіп айтты.

«Мұндай жағдайда тиісті Заң бабына сәйкес, алғашқы жағдайда айыпталушыға 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер мұндай шаралардың барысында азаматтар жаппай вирус жұқтырса, айыппұлдың да көлемі айтарлықтай көп болады. Ал, оқиғаның салдары жағымсыз жағдайға апарса, қылмыстық іс те қозғалуы ықтимал», – деді министр баспасөз мәслихатында.

Тек, осындай қатаң шаралар қолданғанда ғана тойды тоқтата тұратын шығармыз.

Осындай тартысқа толы заманда той жарысты саналы түрде тоқтата тұрмасақ болмайды, дегенді теледидар мен басылым беттерінен ел ағалары да айтуда.

Жақыным аман болсын десеңіз, жиынды тоқтата тұрғаныңыз абзал. Қара түннен кейін де күлімдеген күн шығары анық. Ендеше «сабыр түбі сары алтын» екенін ұмытпайық.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.