home
home home

ТІРЛІГІ МЕН БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛ

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің халық алдындағы есебі осы күні түс ауа Қаракемер ауылында жалғасын тапты. Аудан, қала берді ауылдық округ аумағында атқарылған жұмыстар легі ағынан ақтарылған жиынға толығырақ тоқталып етсек.

Жалпы, тірлігі мен бірлігі жарасқан Қаракемер ауылында атқарылған іс ауқымды, шешімін тапқан мәселелер жетерлік. Бұлай деуге ауылдық округ әкімі Ж.Бақаев пен аудан әкімі Б.Байтөленің тұрғындар алдында жасаған баяндамасы дәлел. Атап айтсақ, өткен жылы ауылдың бес көшесіне 200-ге жуық көше шамдары орнатылып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында респуликалық және аудандық бюджет есебінен Төле би көшесінің 416 метріне, ал М.Мәметова көшесінің 600 метріне көптен күткен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, округте жергілікті кәсіпкерлер есебінен 25 млн. теңгеге және 10 млн. теңгеге екі бірдей мал бордақылау алаңы құрылып, 45 млн. теңге қаражатқа су жаңа «Айсұлтан» жекеменшік балабақшасы қолданысқа берілді.

Ауыл әкімінің баяндамасынан белгілі болғандай окургте мүлік салығының жоспары 101 пайызға орындалып, жер салығының жоспары да межелі нәтижеге жеткен. Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Ал, еңбексүйгіштігімен өзгелерге үлгі бола білген қаракемерліктер абаттандыру және қайырымдылық жұмыстарынан шет қалмай, біршама көрсеткішке қол жеткізген.

Осы іспеттес атқарылған ауқымды істер қатарында Қарақоңыз өзенінің арнасын қалпына келтіру мәселесі де болғанын айта кеткен жөн. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі жиындарда тұрғындар өзен арнасының бірнеше жерден жырылып, трансформатор мен электр бағаналарына қауіп төндіргені жайлы жанайқайын жеткізген болатын. Енді міне, өткен жылы аудан басшысының бастамасымен бірнеше жылдан бері өзектілігі өршіп тұрған мәселе шешімін тапты. Яғни, 2018 жылы өзен арнасының 1720 метр қауіпті аумағын бекітіп, дамба жасауға аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, аталмыш жұмыстар атқарылды. Ал, биыл қалған 350 метр жердің жөнге келтірілетіні белгілі болды. Осылайша, дер кезінде жасалған жүйелі жұмыстың арқасында күн тәртібіндегі тағы бір сұрақ шешімін тауып, Б.Орынтай, С.Әлиев, Н.Жайықбаев бастаған ауыл азаматтары аудан әкімі Б.Байтөлеге алғысын айтты.

Мұнымен қатар, ауылдың аудан орталығынан шалғай жатқанын алға тартқан қаракемерліктер былтырғы кездесуде аудан басшылығынан ХҚКО-дан анықтама алу мәселесінің қиындығын көтерген болатын. Аз ғана уақытта бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапты. Көпшіліктің сұранысымен 2018 жылы ауыл әкімдігінің ғимаратынан бір реттік парольмен 50 қымет көрсететін «Қоғамдық бұрыш» журналы ашылып, халықтың жағдайы жеңілдеді.

Осылайша, өз ойын ортаға салып, ауыл әкімі мен аудан басшысының 2018 жылы атқарған жұмыстары мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан құлағдар болған ауыл тұрғындары шешімін тапқан тірліктерге алғысын айта келе,  көкейдегі сұрақтарын жолдады.

Мысалы, ауыл ақсақалы Н.Жайықбаевтың типтік жаңа емхана салу және тозығы жеткен мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жайындағы сұрағына аудан әкімі Б.Байтөле мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ауылдағы ескі стадионның орнынан болашақта жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарда бар екенін айта келе, мектеп мәселесінің облыс басшылығының назарында екенін алға тартты. Нақтырақ атсақ, Қаракемердегі ескі мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілді. Осы мәселемен ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков те танысып қайтты.

Сондай-ақ, жиында тұрғындар пошта ғимаратының жағдайына қатысты жанайқайын алға тартып, онда жөндеу жұмыстары мен жылыту жүйесін жүргізу қажет екенін бірауыздан айтты. Бұл мәселені аудан әкімі облыстық «Қазпошта» АҚ басшылығының назарына жеткізіп, хат жолдайтынын тілге тиек етті.

Осылайша, округке ортақ мәселелердің тиегін ағытқан жиын өз мәресіне жетіп, ауыл тұрғындары аудан басышының берген есебіне жақсы деген бағасын бере отырып, шешімін тапқан мәселелер үшін алғысын айтты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта