home
home home

Тірлігі кемел Қаракемер округі

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің округтерге жұмыс сапары 21 мамырда Қаракемер ауылдық округінде жалғасты. Аудан басшысы алдымен округ құрамына кіретін Керу ауылына барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарымен кездесіп, ауылға қатысты көптеген маңызды сұрақтарды сол жерде шешуге мүмкіндік туды.

Әйгілі Әулие шоқының етегінен орын тепкен Керу ауылының таулы табиғатына барған жан тамсанбай қайтпасы анық. Желегі жайқалған, көз сүйсінер көркі бар шалғай ауылдың медициналық пунктінен танысуды бастады аудан әкімі. Шағын медициналық мекеме «басы ауырып, балтыры сыздаған» ауыл тұрғындарына қажетті көмегін дер кезінде көрсетіп келеді. Осындағы жұмыстар туралы фельдшер Гүлмира Алиева аудан басшысына түсіндіріп берді. Дегенмен, медпунктке бірқатар жөндеу жұмыстары қажет екен. Сонымен қатар, сыртқы қоршауын түзету, сырлау сынды жұмыстар да сұранып тұрғандай. Осыған қатысты аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова түсініктеме беріп, көп ұзамай ғимараттың сыртына жөндеу жұмыстары басталатынын айтса, округ әкімі Жұлдызбек Бақаев су кірігізіп беруге уәде етті. Осыдан кейін үй маңында немерелерін ойнатып отырған ауыл әжелерімен аздап сұхбаттасқан аудан басшысы Керудегі №15 Мәлік Ғабдуллин атындағы бастауыш мектепке ат басын бұрды. Мектеп жанында орналасқан ескі ғимараттың көзге оғаш көрініп тұрғанын айтқан Болатбек Байқонысұлы қажет болса тек бір бөлігін ғана қалдырып, сырлап, ақтап, ал қалған опырылып тұрған жерін алып тастауға және мектепті айнала жүргізілген қоршауды түзетіп, сырлап ретке келтіруді аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығына тапсырды. Сонымен қатар, мектеп қазандығының сусорғысын ауыстыру, реті келсе мұржасын ұзарту сынды ұсыныстары мен тапсырмаларын да айтты аудан басшысы. Осыдан кейін мектеп ішін аралап көріп, стендтерді жаңарту, спорт зал ішін күтіп ұстау бойынша ескертулерін айтып, одан соң №221 сайлау учаскесі орналасқан кабинетті көріп, комиссия мүшелерінен дайындықтары туралы сұрастырды. Ал, мектеп ішінде орналасқан, екі мыңға жуық кітап қоры бар ауылдық кітапхананың жағдайы аудан басшысының көңілінен шығып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Әрине, мектептің асханасына да бас сұғып, балалардың ас мәзірін де тексеруді ұмытпады. Білім ошағын аралап шыққаннан соң ауладағы көк майсалы алаңқайда ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Емен-жарқын ашық форматтағы кездесу барысында Болатбек Байтөле осы күні ауылға арнайы келген сапарының мақсаты, бүгінгі таңда ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында айта келе, ауыл тұрғындарының сұрақтары мен өтініштеріне құлақ түрді. «Бүгінгі таңда тек 13 оқушы ғана оқитын мектеп жабылып қалмай ма?» деген үрей де жоқ емес екен ауыл тұрғындарында. Өйткені, барлық мерекелік шаралар осында ұйымдастырылып, ауыл адамдарының бас қосуға арналған мәдени жалғыз ошағы десе де болады. Осы ретте аудан басшысы тұрғындардың барлық күдігін сейілтіп, тіпті жақсы жаңалықтарымен де бөлісті.

– Жаңа ғана медициналық пунктте болдым. Бұйыртса, толықтай күрделі жөндеуден өтетін болады. Оған ауданның бас дәрігері уәдесін беріп отыр. Ал, мектепке келер болсақ, мұнда да бірқатар жұмыстарды қолға аламыз. Басты айта кетерлігі, мектеп жабылмайды, оған алаңдамаңыздар. Биыл жылыту жүйесін жөнге келтіреміз, ескі парталардың барлығын жаңасына ауыстырамыз, бірқатар ағымды жөндеу жұмыстары мектеп сыртына жасалатын болады. Ал, бос тұрған кабинетті кәдеге жарату үшін мүмкін ауыл балақайларын қамтитын шағын орталық ашу жағын ойластыратын боламыз, – деген аудан басшысының сөзіне қуанбаған тұрғын қалмады.

Осыдан кейін Қаракемерден Керуге әкелетін жолдың жағдайына ауысқан аудан әкімі асфальт бар жерлеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ал қалған жеріне толықтай асфальт төсеу үшін кететін шығынды есептеп, реті келсе көп ұзамай ол мәселені толықтай шешуге уәдесін берді. Тұрғындармен кездесу барысында Болатбек Байқонысұлы осында өз бизнесін ашамын деген адамдарға жасалып отырған мемлекеттік қолдаулар туралы да айтып өтіп, ниеті бар жандарға әрдайым қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Әсіресе, сүт жинап өткізуді қолға аламын деген жанға қажетті сүт жинайтын құрылғы қойып беруге болатынын айтқан аудан басшысы білек сыбанып жұмысқа кірісу керектігін жеткізді. Әкіммен әңгіме-дүкен құрып, өздерін қызықтырған сұрақтарына тұшымды жауаптарын алған керуліктер жиын соңында Болатбек Байтөлемен бірге естелік суретке түсті. Керуден кейін Қаракемерге жол тартпас бұрын аудан әкімі жергілікті тұрғындардың өтінішімен қос ауылдың шаруалары күнделікті жүретін, жайлауға апаратын жолдың жағдайын көрді. Малды ауылдар мен жайылым, егін алқаптары орналасқан жерге апаратын жалғыз жолдың жағдайы мәз емес, кейбір жерлері тіпті қауіпті. Осының бәрін аудан басшысы өз көзімен көріп, қажетті шаралар қолданылатын болып шешілді. Ал, Қаракемерге келісімен ауылдық поштаға бас сұққан аудан әкімі төбесі су өткеннен ойылып, ортасына түсіп тұрған, қыс айларында суық болатын мекеменің жағдайын басшылығына жеткізуге уәдесін берді. Болатбек Байқонысұлының келесі барған нысаны Қаракемер ауылындағы «Айсұлтан» балабақшасы болды. Жүз баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отырған мекеме мемлекеттік-әріптестік негізінде ашылған. Балалар түскі тамағын ішіп, ұйықтауға қамданып жатқан шақ екен. Бақша басшылығы келген қонақтарды жұмыстарымен таныстырып, алға қойып отырған мақсаттарымен де бөлісті. Білікті тәрбиешілерден құралған мамандар өз ісінің майталманы екені де сөз болып, балабақша жұмысына сәттілік айтылды. Осыдан кейін ауылдық амбулаторияға ат басын бұрған Болатбек Байтөле медицина мекемесінің жайымен танысып, қызметкерлерімен кездесті. АОА бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова, аға медбике Дәмеш Тоққожаева, жалпы тәжірибедегі дәрігер Урмат Абыловтар аудан әкімін амбулаторияның жұмыс жайымен таныстырды. Ғимараты ескі болғанымен сылап-сипап ұстаудың арқасында әлі де болса тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге қауқарлы мекеме қызметкерлерінің арманы – жаңа ғимаратқа көшу. Ол болашақтың еншісінде болғанымен, келесі жылы Қаракемерде жаңа дәрігерлік амбулатория салынуы бек мүмкін. Аудан әкімі мекеменің толықтай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуінен бастап, науқастардың электронды кезекке тұруы жайына дейін сұрастырып, тіпті көршілес ауылдарда және Қордайдағы ауруханаға дәрігерге қалай кезекке қойып жатқандарын сұрап, өз көзімен көріп, осы бағытта жұмысты ширата түсу қажеттігін баса айтты.

– Қандайда бір проблема туындаса, бірден айтыңыздар. Біз мұнда соны білуге, анықтауға арнайы келіп отырмыз. Сосын бірлесе шешу жолдарын қарастыратын боламыз, – деген аудан әкімі ешқашан проблеманы жасырмай, одан да ретін тауып, шешу жолдарын қарау керектігін айтты. Амбулатория ішін аралап көріп, бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін айтқан аудан әкімінің осыдан кейін барған нысаны 2011 жылы ашылған «Ырыс» балабақшасы болды. Тоқсан баланы тәрбиелеп отырған мектепке дейінгі мекеменің жұмысымен танысып, асханасына бас сұғып, балалардың ас мәзіріне дейін көрген аудан әкімі балақайлар ешнәрседен тарықпай, қажетті дүниенің барлығымен сапалы қамтамасыз етілуі керегін баса айтты. Осыдан соң Болатбек Байқонысұлы келесі нысанға бармас бұрын жол-жөнекей дүкендерге бас сұғып, аудан бойынша ең қажетті тұтыну тауарларының орташа бағасымен осындағы бағаларды салыстырып шықты. Осы тұста кейбір тауарлардың ауылда бағасы өскендігін айта кеткен жөн.

Түс ауа Қаракемердегі кірпіш зауытына барған аудан әкімі ондағы қызған жұмыстың үстінен түсті. Зауыт басшылығы жұмыс барысы туралы және кірпіш өндіру көлемі жайында әңгімелеп берді. Зауытта негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, әлі де болса еңбек етемін дегенге мұнда бір күрек табылары анық. Осыған орай халықты жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмыссыз азаматтарды осында жіберу мәселесін аудан әкімі қарап көруге сөз берді. Зауыттан кейін ашылғанына көп болмаған ауылдық ветеринарлық пункттің жұмысына аудан басшысы тарапынан бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Алдымен мекеменің алдын абаттандыру, қоршауларын жөндеу, сырлауына көңілі толмаған аудан әкімі тез арада ретке келтіруді тапсырды. Ал, ветпункт қызметкерлері атқаратын жұмысы бойынша аудан басшысының келесі сынына ұшырауының негізгі себебі – қожалықтардан берілген мал санының дер кезінде жаңартылып тұрмауы болды. Өйткені, малды бордақылаумен айналысатын қожалықтарда әрдайым мал басы келіп, кетіп, азайып, көбейіп отырады. Осыны бақылауға ала алмай отырған мекеме қызметкерлерінің жұмысы сын тезіне ұрынды.

– Ауылға қандай мал келіп жатыр, оның жағдайы қандай? Дер кезінде инесі салынған ба, қаны алынған ба, барлығын біліп, кімнің қолында қанша малы бар, оларға ветеринарлық жұмыстар жасалды ма, барлығынан хабардар болу міндет. Осы бағытта жұмысты бір жүйеге түсіру керек, – деген Болатбек Байқонысұлы барлығын реттеуге екі апта уақыт берді.

Осыдан кейін ауылды ауыз сумен қамтып отырған су мұнарасының жағдайын көріп, «Қордай су» КМК-на  бірқатар ескертулер айтылатын болып шешілді. Бұл кезде ауыл тұрғындары аудан басшысымен кездесуге ауылдық Мәдениет үйіне жиналып жатқан еді. Тұрғындармен кездесу барысында сөз алған аудан әкімі біраз мәселенің түйінін тарқатты.

– Бүгін ертеден бері Қаракемер ауылдық округін аралап жүрміз. Алғаш Керуден бастап, одан кейін Қаракемерге түстік. Керудің мектебіне бірқатар жөндеу жұмыстары жасалатын болды, ауылға апаратын жолды ретке келтіру үшін үлкен жұмыстарды қолға алмақпыз және жайлауға баратын жолды ретке келтіру үшін техникамен қамтамасыз ететін боламыз. Одан бөлек бүгін барлық мемлекеттік мекемелерді аралап шығып, жай-күйін өз көзімізбен көрдік. Көп нәрсені ойға түйіп, проблемаларды шешу жолдарын қарастырудамыз. Қаракемердегі Ә.Нүсіпбаев көшесіне жөндеу жұмыстары жасалады, сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы және ауылдық округ бюджеті арқылы да бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Тағы бір айта кетерлік жайт, ауылдағы мектепті толықтай күрделі жөндеуден өткіземіз. Әлеуметтік мәселелерге келер болсақ, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті округ бойынша 38 адам алатын болып шешім шығыпты, соны толық алуын бақылауға аламыз, – деді аудан әкімі жиынды ашқан сөзінде.

– Сіз келеді деп көкейде жүрген сұрақтарымызды дайындап отыр едік, барлығын өзіңіз-ақ айтып, оның шешу жолдарын да қарастырып қойыпсыз. Сізге үлкен рақмет, – деген ауыл тұрғыны Санатбай Әлиев мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, дәретханасы ішінен болса деген тілегін жеткізді. Бұл ұсыныс назарға алынды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары көшелерді жарықтандыру, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, көшелерге «кедергілер» орнату сынды өзге де мәселелерін көтеріп, олар бойынша жұмыстар қолға алынатын болды. Әңгіме шаруа жайына ауысқанда аудан әкімі жайылым жерлерге себілген егістік алқаптары алдағы уақытта кеңейтілетін болса, жайылымды егістік жерге ауыстырып беруге мүмкіндік бар екенін айтты.  Сонымен қатар, егістік үшін жер сұраған азаматтарға да көмек берілетін болды. Ал, ауыл тәртібін қадағалайтын учаскелік инспекторға биыл ауданға келетін 17 дана «Нива» автокөлігінің біреуі бұйыратыны анық болды. Жиын соңында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Мәметов мемлекет тарапынан бөлініп отырған, өз кәсібін ашамын деген 29 жасқа дейінгі азаматтарға қайтарымсыз грант туралы егжей-тегжейлі түсініктеме берді.  Шалғайдағы Керуден бастап, шаруасы шалқыған Қаракемерді толығымен аралап, ауыл жайын көзімен көріп, көп нәрсені көңілге түйіп, шешу жодарын іздеген аудан басшысының округтерге жұмыс сапары жалғаса беретін болады. Ең бастысы, көптеген көкейкесті болып жүрген проблемалардың нақты сол орында шешімін тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.