home
home home

Тілсіз жауға тиісті шара

ТІЛСІЗ ЖАУҒА ТИІСТІ ШАРА

Өрт адамның өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіріп, үлкен зиян келтіретін табиғи апат. Әрине, оны алдын ала болжап білу мүмкін емес. Десе де, сақтық шараларына көңіл бөлу тілсіз жау төндіретін қауіпті азайтуға үлкен септігін тигізеді. Сол себепті, өрттің алдын алуға бағытталған оқу-жаттығулар ауданда тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

Осы аптада Ауқатты ауылдық округіндегі қазақ-қырғыз шекарасы маңында дала өртінің алдын алу бойынша ауқымды оқу-жаттығу өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов қатысты. Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі қырғызстандық төтенше жағдай министрлігімен бірлесе ұйымдастырылуында болды. Ең әуелі Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылықтарының өрт сөндірушілері, ауылдық округтерден іріктелген еріктілер жасақтары және жедел жәрдем қызметкерлері жабдықтарын сайлап, сап түзеді. Жалпы, іс-шараға 120-дан астам адам, 30 бірлік техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығуға қатысқан Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабиров жиналған өрт сөндірушілерге оқу-жаттығудың мақсаты мен іс-әрекет жоспарын баяндап берді. Шартты жоспар бойынша сол маңдағы «Достық» жанар-жағармай бекетінің қызметшісі бекеттен 300 метр жерде қураған шөптің жанып жатқанын көріп, дереу мамандарға хабар береді. Солтүстік батыстан соққан желдің әсерінен өрт қазақ-қырғыз шекарасына жақындап, Қырғызстан аумағына өтуге аз қалған. Нәтижесінде, аталмыш жанармай бекетінің сұйық отын сақтайтын резервуарына және көршілес тағы бір жанармай бекетіне айтарлықтай қауіп төнді-мыс. Апат орын алған аумаққа дереу жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күресті тез арада бастап, мамандар ең әуелі қауіпті аумақтың айналасын трактормен жыртып шықты. Осыдан кейін еріктілер жасағы құрал-жабдығымен өртті сөндіруге тырысса, өрт сөндірушілер арнайы техникамен су шашты. Қатысушылардың бірлескен әрекетінің арқасында санаулы минутта өрттің көзі жойылды. Ал, тілсіз жаумен күрес кезінде бір адам жарақат алып, оған жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазақстан бөлігіндегі өрт сөндіріліп, мамандар арнайы техникамен Қырғызстан жеріне өтіп, әріптестеріне көмек қолын созды. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өрт ошағы түгелімен жойылып, төнген қауіп сейілді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов қырғызстандық әріптестеріне алғысын айтып, өзара әрекеттестік бұдан былай арта беретініне сенім білдірді.

– Бүгін бәріміз үлкен өрт сөндіру жаттығуының куәсі болдық. Жалпы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің дайындығы жаман емес. Ең бастысы,  далада өрт болған жағдайда, барлық күштердің көмегімен оны сөндіруге дайын екенімізге көзіміз жетті, – деген Талғат Сабиров жергілікті әкімдіктердің жанындағы ерікті өрт сөндіру құрылымдарының жұмысына ризашылығын білдірді.

Жалпы, бұл шараның мақсаты орман-дала өрттерін сөндіруді ұйымдастыру, өрт ошақтарын сөндіру кезіндегі жеке құрамның іс-қимылын пысықтау, материалдық-техникалық жабдықтарды тексеру, әрбір ауылдық округтегі еріктілер жасағының әлеуетін байқау екенін айта кеткен жөн. Оқу-жаттығу бекітілген жоспарға сай өтіп, өрт сөндірушілердің дайындығы тиісті деңгейде екені белгілі болды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.