home
home home

Тең түскен теңдессіз ойын

Тең түскен теңдессіз ойын

Миллиондаған адамның жүрегін жаулаған футбол ойыны елімізде қарқын алып келеді. Оған дәлел ретінде күні кеше Еуропа біріншілігіне іріктеу ойынын өткізген ұлттық құрама кезекті жеңісіне жетті. Астана-Аренада Сан-Мариноны қабылдаған Қазақстан құрамасы аса басымдықпен үш ұпайға ие болды. Бүгінде еліміздің әр түкпірінде спорттың осы түрі бойынша қарқынды жұмыс атқарылып, Жамбыл өңірі бұл үрдістен шет қалған жоқ.

Жалпы, жамбылдық жігіттердің жұлдызы жанып, жеңісі артып келеді. Жамбыл футбол мектебінің мәртебесін асқақтатып жүрген жандардың бірі Еркебұлан Сейдахмет. Ресей біріншілігінде өнер көрсеткен 18 жасар жігіттің алар асуы әлі алда. Өңіріміздің тағы бір мақтанышы Бақтиер Зайнутдинов. Сондай-ақ, Ұлыбританияның әйгілі «Уэмбли» стадионында шірене доп теуіп, гол соққан Жамбыл Көкеевті, 2016 жылғы Еуропа лигасының үздік гол иегері атанған Бауыржан Исламханды атап өтпеу мүмкін емес.

«Алтынды шыққан жерінен қаз» демекші, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов осындай дүлдүлдер өңірімізде әлі де бар екенін атап, аталмыш спортты қолға алуды тапсырды. Осыдан бастап Жамбыл облыстық чемпионаты қолға алынды. Осылайша, Тараз қаласында алғашқы турнир өтіп, аудандар топ-топқа бөлінген болатын. Өткен жексенбі күні облыстық біріншіліктің екінші турнирі Қордай ауданында өтті. Оған Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Меркі және Қордай құрамалары қатысты. Әуелгі кезекте Т.Рысқұлов пен Мойынқұм аудандары алаңға шықты. Тартысты ойынды бастаған құландықтар дереу басымдыққа ие болды. Алғашқы минуттарда гол соғылып, доп Мойынқұм ауданының қақпасынан табыла берді. Осылайша, әу бастан басымдығы белгілі болған Т.Рысқұлов ауданы қарсыласын ойсырата 7:2 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін тұрғындар асыға күткен Қордай мен Меркі құрамаларының кездесуі болды. Қарсыласты көз сүйсіндіріп алдау мәнері, қақпа бағанасына тиіп «әттеген-ай» деген сәттер де осы ойыннан орын алды. Қос команда бір-бірінің қорғанысын бұза алмай, әбден әбігерге түсіп, ойын 1:1 есебімен аяқталды. Ендігі үшінші турнир осы жексенбі күні Шу қаласында өтеді. Ол күні Қордай құрамасы Мойынқұммен ойнайтын болады. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.