home
home home

Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары

 

Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары

Өткен аптада ауданымыздың ұстаздар қауымы спорт алдаңдарында кім мықтыны анықтады. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты VIІІ аудандық спартакиада осы жолы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жастар жылына» және Жамбыл облысының 80 жылдығына орайластырылды.

Аудан орталығындағы спорт кешенінде ашылу салтанаты өтіп, спортшы ұстаздарды алдымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дамира Сүгірбай құттықтаса, одан кейін сөз алған аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева: «Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда, халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріле түскенін аңғара аламыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол салауатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады», – деп,  дене шынықтыру және спортты, бұқаралық спортты дамыту туралы айтқан болатын. Олай болса, спорт – елдің елдігін, ердің ерлігін, рухтың биіктігі мен ұлттар достастығын да анық байқататын бейбітшілік елшісі», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі. Осыдан кейін балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының шағын концерттік бағдарламасы қойылып, одан әрі спортшы ұстаздар флешмоб өткізді.

Білім мекемелері қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, үздік спортшы қызметкерін анықтап, облыстық спартакиадаға команда жасақтау болып табылатын спартакиада барысында ауданымыздың төрт аймағынан жиналған 4 команда 9 спорт түрі: волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жеңіл атлетика, армрестлинг, кір тасын көтеру, асық ату бойынша бақ сынады. Тартысқа толы бәсекеде волейболдан ерлер арасында жүлделі І орынды «Совхоз» аймағының жігіттері ұтып алса, ІІ орын «Колхоз» аймағының шеберлері қанжығасында кетті. ІІІ орынға «Орталық» аймақтың волейболшылары ие болды. Ал, әйелдер арасында «Колхоз» аймағының қыздарының мерейі үстем болып І орынды иеленсе, ІІ орынға «Орталық» аймағының қыздары жайғасты, үштікті «Отар» аймағының волейболшылары қорытындылады. Ал, үстел теннисінен І орынды №50 орта мектеп мұғалімі Ю.Ряполова жеңіп алса, ІІ орынға Р.Жолдыбаева тұрақтады, ІІІ орында Г.Досымқұлова. Ерлер арасында №31 орта мектептен Ш.Тәуекелов жарыс жеңімпазы атанса, ІІ орынды №50 орта мектеп өкілі С.Гуанло жеңіп алды, ІІІ орынға №3 БЖШС өкілі Н.Құмғанбаев еншіледі. Білек күші мықты жігіттер шығатын армрестлингтен өткен сайыста 90 келі салмаққа дейінгілер арасында №42 орта мектеп мұғалімі А.Үшкемпір ешкімге дес бермей, жарыс жеңімпазы атанды. ІІ орында №2 орта мектеп оқытушысы А.Жайлыбек, ІІІ орынды №13 орта мектеп өкілі Б.Жәнібек жеңіп алды. Ал 90 келіден жоғары салмақтағылар арасында №24 орта мектеп мұғалімі Н.Қуатбаев жеңімпаз атанды, ІІ орында №13 орта мектеп өкілі С.Жұмағали, ІІІ орында №42 орта мектеп мықтысы Нұрболат Төле. Кір тасын көтеруде сынға түскендер арасында 90 келіге дейінгі салмақта №30 орта мектеп өкілі Е.Жыланкозов жеңімпаз атанды, ІІ орынға №2 орта мектеп өкілі А.Жайлыбек жайғасса, ІІІ орынды №38 орта мектеп өкілі Н.Жарқожа жеңіп алды. Ал 90 келіден жоғары салмақтағылар арасында кір тасын көтеруде №24 орта мектептен келген Н.Қуатбаев жеңімпаз атанып, №6 негізгі мектеп өкілі М.Есенқұлов ІІ орынға ие болды, ІІІ орында №50 орта мектептен Р.Уалиев жайғасты.

Осылармен қатар шағын футбол, асық ату, жеңіл атлетика ойындарынан  өткен сайыстардың жеңімпаздары да анықталып, барлығына ұйымдастырушы тарапы дайындаған грамоталар мен сыйлықтар табыс етілді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта