home
home home

ТАТУЛЫҚ – ТАБЫЛМАС БАҚЫТ

ТАТУЛЫҚ – ТАБЫЛМАС БАҚЫТ

1 мамыр күні Қордай ауылындағы орталық алаңға ұлттық киім киіп келген азаматтарды көргенде халықтың татулығы мен ауызбіршілігіне тәнті қаласың. Мұнда жиылған жұрт бір үйдің баласындай ән айтып, би билеп, ұлттық ойындарға қатысып, көңіл көтерді.

Бұл күнгі шуақты мерекенің Қазақ елі үшін мәні де, мазмұны да айрықша. Қазіргідей аласапыран заманда қасиетті кең байтақ жерімізде сан түрлі ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, тер төгіп, еңбек етіп жатқандығы шындық емей немене. Өз ұлтының киімін киген азаматтардың жүрекжарды тілегі де біреу – бейбітшілік, татулық пен ашық аспан болғаны рас.

Алаңға жиналған көпшіліктің алдына шығып сөз сөйлеген аудан әкімі Болатбек Байтөленің тілегені де бірлік пен ынтымақ болды. Аудан басшысының игі тілектерінен соң мереке ұлттық мәдени және шығармашылық орталықтардың дайындаған керемет концерттік бағдарламасына ұласты. Қордайдың небір дарынды ұл-қыздары бірінен соң бірі нақышына келтіре ән салып, би билеп, күмбірлете күй тартты. Бұл қатардан көздің жауын алатын кимешек пен ақ жаулық киген әжелер де қалыспады. Бірнеше сағат бойы көпшіліктің назарын өздеріне қарата білген азаматтардың өнері кімді де болсын тамсандырмай қоймады. Сонымен қатар, мерекелік іс-шара барысында ұлттық ойындар және «бауырсақ фестивалі» ұйымдастырылып, қордайлықтардың қуанышын еселей түсті.

Мінекей, осындай керемет іс-шараға келгендер сыйластық, татулық пен достықтың нышанына куә болды. Ендеше бұл мереке елдің бірлігін одан әрі нықтап, сол арқылы еліміздің тірлігі берекелі болуына жол ашсын деп тілейік, ағайын!


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.