home
home home

Тақтайдай жол, тегіс тротуар

Тақтайдай жол, тегіс тротуар

Қордайлықтар үшін биылғы жыл жағымды жаңалықтарға толы болды. Ауылда ауыз толтырып айтарлықтай игі іс атқарылып, тұрғындардың қуанышы еселене түсті. Атап айтсақ, ауыл көшелері жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары пайда болды. Ауылдың қақ ортасындағы каналдың жағажайы жөнге келтіріліп, жаңа саябақ бой көтерді.

Қазіргі таңда аудан орталығындағы көше жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстары қарқын алуда. Орталық көшелер былай тұрсын, ішкі көшелердің жөнделіп жатқаны қуанарлық жайт. Мәселен, жақында Жеңістің 40 жылдығы көшесіне асфальт төселіп, ретке келтірілді. Қазыбек би мен Көктөбе көшелері арасындағы 1,96 шақырым жолға «Jana jol kz» ЖШС асфальт төсеген. Бұл іске жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, қазір мұнда асфальт төселіп, ендігі кезекте жол жиегін ретке келтіру жұмыстары атқарылмақ. Игі бастамаға көше тұрғындары да дән риза.

Басында көшеге асфальт төселеді дегенді естігенде сенбеген едім. Алайда, ауыр техниканы көргенде бұл сенімсіздік бірден сейілді. Әрине, біз өте қуаныштымыз. Себебі, көшенің жағдайы көңіл көншітпейтін еді. Ойық шұңқырларды біз қолымыздан келгенше жамап тұрушы едік. Бірақ, ол көпке жетпейтін. Аудан басшылығына үлкен алғыс айтқым келеді, – дейді көше тұрғыны Нариман Шолпанқұлов.

Сонымен қатар, жуық арада Абылай хан көшесі тұрғындарының көкейінде жүрген бір мәселе шешімін таппақ. Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын аталмыш көше тұрғындары аудан әкімінің халық алдындағы есебінде жаяу жүргіншілерге арналған жол салу мәселесін көтерген еді. Міне, көп ұзамай тұрғындардың тілегі ескеріліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл жол Төле би көшесінен бастау алып, Мүсірепов көшесіне дейін жетпек. 2,25 шақырымды құраған бөлікке «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы жұмысты «Нұр Строй Маркет 2030» ЖШС жүргізбек.

Қордай ауылдық округі әкімдігі мамандарының айтуынша, ауылды абаттандыру, көркейту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алда үлкен жоспарлар мен мақсаттар бар. Мұның барлығы қордайлықтардың ертеңге деген сенімін арттырмай қоймасы анық.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта