home
home home

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Аудан мектептерінде жылдағы дәстүрге сай өткен соңғы қоңырау салтанатына биыл 29 мың 261 оқушы қатысып, 1200-ден астам түлек білім ордасымен қош айтысты. Дәл осы күнгі сиқырлы сәтті тамашалау мақсатында тілшілер қауымы аудан орталығынан шалғай жатқан Көктөбе ауылындағы №40 негізгі мектепте болған еді.

Соңғы қоңырау… Бұл әрбір оқушы мен ұстаз үшін маңызы мол мереке. Осы күні ақ бантик тағып, ақ жейде киген көктөбелік балақайлар таң азаннан мектеп маңына жиналды. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы мұнда 50 орындық білім ордасы бой көтеріп, жаңа оқу жылына тамаша тарту болған-ды. Осылайша, бір жыл бойы заманауи ғимаратта білім алып, бойларына жақсылықты дарыта білген балақайлардың көңілдері толқулы. Қолындағы құшақ-құшақ гүлдерін әріп танытып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына сыйлап, мектептің спорт залында өткен салтанатты іс-шара барысында мектеп директоры Раиса Беликованың құттықтауын қабыл алды.

Айта кетсек, арнайы ұйымдастырылған «Қош бол, бастауыш» атты іс-шара барысында бастауыш сыныппен қоштасқан балақайлар залға жиылған ата-аналары мен ұстаздарын түрлі ән-биімен тәнті етіп, тақпақтарын арнады. Ал, үздік оқушылар арнайы грамотамен марапатталып, қатысушылардың разылығына бөленді.

– Ауданнан алшақ жатқан Көктөбеде жаңа мектеп салынып, біздің асқақ арманымыз орындалды. Мұны біз, ауыл тұрғындары бірінші кезекте Елбасы саясатының, облыс және аудан басшылығының жемісті еңбегінің арқасы деп білеміз. Осындағы ескі мектепте менің жеті балам оқыды. Енді Сезім есімді немерем су жаңа мектепте білім алуда. Осы тұста бауыр еті балаларымызды сапалы біліммен сусындатып отырған мектеп мұғалімдері мен мектеп әкімшілігіне де алғысымыз шексіз, – дейді Роза Бозымбекова есімді кейуана.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.