home
home home

Сыңғырла соңғы қоңырау!

 

«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» мектепті әр адам әрдайым ерекше сезіммен, сағынышпен еске алады. Әсіресе, жас жүректерді толқытатын соңғы қоңырау түлектер үшін өмір бойы есте қалатын ғажайып сәт. Биыл белгілі себептерге байланысты соңғы қоңырау уақытынан сәл кейін соғылғанымен, оның әсері әрдайым ерекше болып қала бермек.

Өткен бейсенбі күні Қордай ауданындағы барлық мектептердің түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды. Биылғы  оқу жылында аудан бойынша 11 сыныпты 1149 оқушы аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. Осы бір естен кетпес ерекше күн Қордай ауылындағы №51 орта мектеп түлектері үшін де өзгеше болды. Мектеп бітірушілердің аттестатын аудан әкімі Р.Дәулет салтанатты түрде табыс етіп, түлектерге ізгі тілегін білдірді. Рүстем Рысбайұлы түлектерді жарқын сәтпен құттықтап, алдағы өмір жолында сәттілік тілей келе, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтайтындарына сенім білдіріп, аудандағы білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтті.

Салтанатты жиын барысында №51 орта мектептің директоры К.Нүсіпбаева 2019-2020 оқу жылы сәтті аяқтағанын, ұстаздардың тынымсыз еңбегінің арқасында 3 оқушы алтын белгі, 1 оқушы үздік аттесат игері атанып отырғандығын айтты. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, оза шапқан үздіктер есімдері де ерекше аталды.

Түлектер 11 жыл бойы білім алған оқу орны мен білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын білдіріп, ән арнаса, ата-аналарда ұстаздар қауымына ризашылықтарын білдіріп, шексіз алғыстарын жеткізді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.