home
home home

Сұрақтар қаралып, шешім қабылданды

 

26 маусым күні аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп, оған аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов, аудан әкімінің орынбасарлары, депутаттар, ауылдық округ әкімдері, бірқатар бөлім мен мекеме басшылары қатысты.

Сессия барысында депутаттар мәслихаттың жоспарына сай бірқатар мәселелерді қарады. Аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Найманхан Абдрашев 2019 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебін беріп, мәслихаттың бюджет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі Гүлнар Айтқұлова аудандық мәслихаттың қорытындысын ұсынды.

Келесі кезекте Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Мұхтар Ильясбековтің және Отар ауылдық округінің әкімі Ақжол Каримовтың жұмысы қаралып, баяндамалары тыңдалды. Депутаттар ауыл әкімдерінің жұмыстарындағы олқылықтар мен кемшіліктерді алға тартып, олардың жұмысын жеткіліксіз деп таныды. Бұл мәселе бойынша жарыссөзге депутат Дамира Сүгірбай мен Қарлығаш Қыпшақпаева шықты.

Аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 25 қыркүйектегі №56-3 «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ветеринариялық бақылау аумақтық инспекциясы туралы» шешімінің орындалуы бойынша аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы Мұхтар Алмекенов баяндама жасады. Аталмыш мәселені талқылау барысында депутаттар ет және сүт өнімдерін сатумен айнылысатын кәсіпкерлердің ветеринария саласында заңнаманы сақтауына мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау толық көлемде қамтамасыз етілмегенін атап өтті. Сондай-ақ, эпизоотиялық мониторинг тиісті деңгейде жүргізілмейді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттеріндегі мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық қадағалау мен бақылауды күшейту қажет.

Келесі кезекте аудандық пошта байланысы торабының жұмысы туралы хабарлама жасаған мекеме басшысының орынбасары Айгерім Нұрмұхамед өз сөзінде пошта жұмысында проблемалық тұстардың жоқтығын алға тартқанымен, депутаттар аталмыш мәселені талқылау барысында пошташылардың төмен жалақы алуларына байланысты мекемеде кадр тұрақсыздығы әлі де қатты байқалатынын тілге тиек етті. Биылғы жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы бөлініп отырған пошташылардың қосымша штаттары проблеманы түбегейлі шешпейтін уақытша шара. Ал, пошташылардың жетіспеушілігінен жазылушылар газет пен журналдарды дер кезінде ала алмайды. Әсіресе, бұл проблема шалғай ауылдарда анық байқалады.

Келесі кезекте «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаменті аудандық бөлімшесінің жұмысы туралы бөлімше басшысы Нұрсұлтан Айтымбетовтың баяндамасы тыңдалды. Жалпы, бөлімде атқарылған жұмыстар легі мақұлданғанымен, ауылдық округ әкімдеріне тұрғындар арасында жер заңнамасын түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуі және жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттары дұрыс емес және сапасыз дайындалуы бойынша депутаттар тарапынан ескертулер жасалды.

Келесі кезекте «Салық базасын ұлғайту бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының атқарған жұмысы» мәселесі бойынша басқарма басшысының орынбасары Ғабит Саяқов баянадама жасады. Басқарма салық және басқа міндетті төлемдерді жинау бойынша ауқымды жұмыс атқарған. Алайда, жергілікті бюджетті жоспарлау барысында кірістер сомасы толық көлемде анықталмаған. Сондай-ақ, жыл басына берешектерді қосып салық төлеушілердің, салық салу нысандарының саны дұрыс емес және толық көлемде анықталмай отыр.

Осыдан кейін Қордай аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №62-4 «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгеріс енгізу» мәселесі бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева баяндама жасады.

Сонымен бірге, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Асылбеков ұсынған Қордай ауданы аумағында 2020-2021 жылдары жайылымдарды басқару және пайдалану жоспары бекітілді.

Барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Келесі сессия төрағасы болып депутат Н.Садықов сайланды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.