home
home home

Степнойда жағымды жаңалық көп

Степнойда жағымды жаңалық көп

30 қазанда аудан әкімі Болатбек Байтөле Степное ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Алдымен ол аталмыш округ құрамына кіретін Арал ауылында болып, әлеуметтік нысандардың жағдайын көріп, сондағы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне барса, одан кейін округке қарасты Қалғұты ауылындағы жаңадан салынып жатқан әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы келесі кезекте Степное ауылында болып, онда да әлеуметтік нысындарды аралап, ауылдағы құрылыс алаңдарына ат басын тіреді. Сапар барысында жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берілсе, кейбір мәселелер назарға алынды. Түс ауа Степное ауылдық Мәдениет үйінде округ тұрғындарымен кездесу өткізді.

 

Аудан әкімі Болатбек Байтөле, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов және ауылдық округ әкімі Жүсіпбек Спанов Аралдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты. Осыдан біраз жыл бұрын бой көтерген медициналық мекеменің ішіне аздаған ақтау-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ал, ғимараттың кіре берістегі баспалдағы ойыла бастаған. Осыны және өзге де кемшін тұстарды көрген аудан басшысы мұны ретке келтіру қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма жүктеді. Осыдан кейін ауылдық мешітке барып, сол маңда ауыл ақсақалдарымен аз-кем сұхбат құрды. Сол жерде анық болғаны, ауыл мешіті аудандық газ шаруашылығына қомақты қарызы бар екен. Осыны ескерген аудан әкімі ауыл жамағаты мен кәсіпкерлер ауызбіршілікте болып, осындай мәселелерді біріге шешу жолдарын қарастыру қажеттігін сөз етіп, бұл жағдайды өзінің бақылауында ұстайтынын айтты. Сол маңда ауыл үлкендеріне келесі жылдан бастап Аралда жаңа мектеп бой көтеретіні туралы жақсы хабар жеткізілді. Құрылыс орны да қазір белгіленіп, көп ұзамай барлық талапқа сай жаңа мектеп бой көтермек. Мұны аралдықтардың ұзақ жылғы арманының орындалуы деп білуге болады.

Болатбек Байтөленің келесі барған нысаны – «Нұр-Адель» жекеменшік балабақшасы болды. 75 орындық балалар мекені барлық талапқа сай жасалған. Аудан басшысы оны аралап көріп, балабақша басшылығының кадр мәселесі бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайында сұрастырды. Келесі кезекте аудан әкімі №25 негізгі мектепке барып, білім бөлімі мен мектеп басшылығына бірқатар ескертулер жасады. Оның негізі абаттандыру жайы мен мектеп ішіндегі кейбір кемшін тұстар турасында болды.

Жаңа мектеп бой көтергеннен кейін білім ошағының ескі ғимараты ауылдың өзге де керегіне жаралатын болады. Оны уақытында көреміз, – деді Болатбек Байқонысұлы. Сол маңда жиналған ауыл тұрғындарымен тілдескен уақытта аралдықтар көшелерді жөндеу, жарықтандыру, ескі электр бағаналарын ауыстыру және интернет жайын көтеріп, олар бойынша нақты жауаптарын алды. Осыдан соң аудан әкімі Арал ауылында кедейшілік шегінде өмір сүретін бірқатар отбасыларды аралап, жағдайларын өз көзімен көріп шықты. Әсіресе, Сарымолдаев көшесінде тұратын Бүркітбаевтар отбасының жағдайы өте мүшкіл. Отбасындағы үш азамат та екінші топтағы мүгедек, мүлдем жұмысқа жарамсыз болғаны аздай, құжаттары да жоқ болып шықты. Осыдан біраз жыл бұрын өзге облыстан осындағы туыстарын сағалап келген азаматтар қазір өте ауыр жағдайда өмір сүруде. Ауыл әкімі бастаған тұрғындар үнемі күнделікті керек-жарағымен қамтығанымен, құжаттарының  жоқтығынан ешқандай мемлекеттік көмек ала алмай отырғаны мәлім болды. Жақында ғана көршілері жиналып көмірін түсіріп беріпті. Үй жанынан өтіп жатқан газға қосыла алмайтындығы айтпаса да белгілі. Аудан әкімі барлық жағдайға қанық болғаннан кейін бұл азаматтарға барынша көмек көрсететінін айтты.

Ауданымызда кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатқан жандар болмауы тиіс. Қолдан келген көмектің барлығын жасайтын боламыз. Бұл отбасын әрдайым назарда ұстаймыз, – деген Болатбек Байқонысұлы бірқатар жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, мәселені өзінің тікелей бақылауына алатын болды.

Осыдан соң аудан басшысы Болатбек Байтөле Қалғұты ауылына барып, онда құрылысы жүріп жатқан жаңа медициналық пункттің жұмысымен танысты. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова құрылыс жұмыстарының көп ұзамай аяқталатынын айтып, іс жоспарға сәйкес жүріп жатқанын жеткізді. Сол маңда ауыл тұрғындарымен сұхбат құрған аудан басшысы Қалғұтыда бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мектеп мәселесі шешімін тапқанын айтып, құрылыс жұмыстары қарқын алатынын жеткізді. Осыдан соң ауыл тұрғындарының өтінішімен әкім Қалғұты мен Жамбыл ауылын жалғап жатқан канал үстінен өтетін көпірдің жағдайын көрді. Темірмен тартылған жалғыз аяқ көпірдің астыңғы тіреуішінің бірі қисайып, өзі солқылдақ күйге түскен. Бұл жерден ауыл тұрғындары мен мектепке қатынайтын балалар жүретіні былай тұрсын, жайылымға шығатын ірі малда осы көпірмен өтеді екен. Ондағы жағдайды көрген аудан әкімі көпірді ретке келтіріп, ал малды басқа жерден өткізу үшін жұмыстарды қолға алатын болып шешті.

Қалғұтыдан кейін Степнойға барған Болатбек Байтөле алдымен «Қордай-Рауан» жекеменшік балабақшасының жұмысымен танысты. 150 орындық бақша барлық талапқа сай жасалғанымен, аудан басшысы балалардың ойын алаңына қатысты бірқатар ескерту жасап, оны балабақша басшылығы жақын арада ретке келтіретін болды. Келесі кезекте Степной ауылдық мешітіне барған аудан әкімі мешіт маңынды абаттандыру мүлдем жүргізілмегінін айтып, ретке келтіру жұмыстарын шұғыл бастау керектігін ескертті. Осыдан соң Болатбек Байқонысұлы құрылысы жүріп жатқан дәрігерлік амбулаторияға барып, мердігерлермен тілдесті. Ғимараттың қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған, қазіргі таңда сырлау жұмыстары жүруде. Қарашада толығымен аяқтауды көздеп отырған құрылысшыларға сәттілік айтылды. Степной ауылдық негізгі дәрігерлік амбулаториясының ескі ғимараты өткен ғасырдың алғашқы жартысында салынған екен. Дей тұрғанымен, әктеп-сырлап, жақсы қараудың арқасында осы күнге дейін ауылға сапалы медициналық көмек көрсетіп келген. Енді көп ұзамай ондағы медицина қызметкерлері жаңа ғимаратқа көшетін болады. Сол маңдағы пошта бөлімшесіне де бас сұққан аудан әкіміне пошташы қазіргі таңда газет-журналдар таратуда қиындық туып отырғанын айтып, ол бойынша тек Степной емес жалпы аудандағы пошта жұмысының жүйесіз қызметі облыстық пошта басшылығына жеткізілетін болды.

Округ бойынша алты мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде жол мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары бірқатар ауыл көшелері жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген болатын. Десе дағы, аудан басшысы осы күні Степнойдағы барлық көшелерді аралап шығып, жағдайымен танысып, соңында округ әкіміне ауыл сыртына қоқыс тастағандарға айыппұл салуды қолға алу және оның алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Түс ауа аудан басшысының округке сапары ауылдық мәдениет үйінде қорытындыланды. Тұрғындармен кездесу барысында Болатбек Байтөле округ бойынша қолға алынатын жұмыстар жайында сөз етті.

Арал ауылында мектеп салу мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталатын болады. Ауыл ішін аралап көрдік, балалардың мектепке қатынауы үшін жолдарды ретке келтіру мәселесін де қарастыратын боламыз. Ауыз су жайын да қолға алмақпыз. Ал, Қалғұтыда осыған дейін кейінге шегеріліп келген мектеп мәселесі де шешімін тауып, қаржысы бөлінді. Жобасын облысқа дәлелдеп, қаржы бөлінуіне қол жеткіздік. Көп ұзамай ауыл балалары көрші ауылдарға қатынамай, өз ауылындағы жаңа мектепте білім алатын болады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар, Қалғұтыда медициналық пункт бой көтеруде. Оны өздеріңізде көріп жүрсіздер. Жақында қолданысқа беріледі. Оған баратын жолы мен жарықтандыру жұмыстарын да қолға аламыз. Степнойда дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін ауыл ішіндегі саябақты аралап шықтық. 4 гектар аумақты алып жатқан саябақ қоршалады. Одан кейін бақты суғару мәселесін шешеміз. Сол кезде онда мәдени, спорттық шараларды ұйымдастыруға болады. Бүгін Аралда тұратын тұрмыс деңгейі өте төмен отбасында болдық. Оларға көмек беруді қолға алымыз. Мемлекет тарапынан да қолдау болады. Отын-суы жағынан да көмектесеміз, – деді Болатбек Байқонысұлы.

Кезек сұрақ-жауапқа келгенде, тұрғындар алдымен ауыз су жайы мен ауыл атын өзгеру мәселесін көтерді. Бұл сұраққа жауап берген аудан басшысы ауылдағы ауыз су желілерінің ескіргенін айтып, оны ретке келтіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізсе, ауыл атын өзгерту мәселесі жалпы ауыл тұрғындарының ұсынысымен ономастика комиссиясы арқылы шешімін табатынын айтты. Тек ауыл атын қоюда қандай критерийлар сақталатынын ескертіп, бұл мәселе заң шеңберінде жүруі керектігін жеткізді. Аудан әкіміне қойылған сұрақтар қатарында Жасұлан көшесі тұрғындарының кешкілік уақытта электр қуатының тым төмендеп кеткендігі, ауыл балаларына ойын алаңшасының салынуы, жаңа тұрғын-үй массивін ретке келтіру бойынша мәселелер болып, оның әрқайсына тұшымды жауап беріліп, кейбірі назарға алынды. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар қатарында газ мәселесін де көтергендер болды. Ол сұрақтарға аудандық газ шаруашылығының басшысы Серік Елданов жауап берсе, суармалы су жайында аудан басшысы өзі түсініктеме берді.

Биыл суармалы су жайы ауданда өте қиын болды. Сексен пайызға көрші мемлекетке тәуелді болып тұрғаннан соң, әзірге ол жағдай шын мәнінде күрделі болып отыр. Әр дақылға қаншалықты су қажет, оны бөлу жұмыстарына келер болсақ, бұл мәселелер облыстық басшылыққа жеткізілген. Бұл сұрақтарды алдағы уақытта сіздерді шақырып су шаруашылығының облыстық басшылығымен бірге талқылайтын боламыз, – деді Болатбек Байтөле.

Ауылдастар атынан сөз алған «Қазақстан-2030» ШҚ басшысы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Аманхан Рысымбетов аудан әкіміне алғысын білдіріп, ел игілі үшін атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі. Жиын соңында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов округ бойынша қолға алынған игі істер жайына тоқтала келе, ауылдағы ағайынның да бірлікте болуы керектігін айтты. Әсіресе, ауыл жамағатының мешітке көңіл бөлуін, әрдайым ынтымақты өмір сүріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» еңбек етуге шақырды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.