home
home home

Спорт алаңшасы ашылды

 

Спорттан байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын сайыпқырандарымыздың дені ауылдан шыққан қарадомалақтар. Ендеше болашақта да еліміздің абыройын асқақтатамыз десек ауыл спортына аса мән беру қажет екені анық. Еліміз еңсесін тіктеген шақта елді мекендерде денсаулықты нығайтатын, спортқа баулитын орындар көптеп ашылуда. Осылайша бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріле бастады. Соның бір көрінісі ретінде Елорда күні қарсаңында Қаракемер ауылында футбол мен стритворкаут алаңшасы ашылды.

Аудандық бюджет есебінен салынған су жаңа спорт нысанында сап түзеген жас спортшылар және ауыл тұрғындарын аудан әкімі Рүстем Дәулет арнайы барып құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», деп айтқан болатын. Бүгінде біз осы тапсырманы ауданымызда орындау мақсатында кешенді жұмыстар жасап келеміз. Мәселен, биылғы жылы ауданымызда жалпы 21 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, 4 – спорт кешені, 11 – стритворкаут, 5 – шағын футбол алаңшасы және 1 – күрес залы. Ал, жалпы аудан бойынша үш жүзден астам спорт нысандары жұмыс жасайды. Бүгінгі ашылғалы отырған шағын футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы – жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Бұл нысан Елорда күні мерекесі қарсаңында жас жеткіншектерімізге үлкен тарту болып отыр. Осы спорт нысанынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын биікке көтеруіне тілектеспін, – деген аудан басшысы жас футболшыларға доптар сыйға тартып, одан кейін футбол алаңшасындағы ең бірінші футбол ойынын бастап берді. Бұл кезде дененің сәні мен сымбатын келтіретін, бойға күш-қуат жинауға аса қажет стритворкаут алаңында ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салып жатты. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын дегендер үшін бұл орындардың есігі әрдайым ашық болмақ.

Ауылымызда осындай спорт алаңшасының ашылғанына қуаныштымыз. Әсіресе, футболды жақсы көретін біздер үшін бұл тамаша сыйлық болды. Осындай мүмкіндік жасаған ағайларға үлкен рақмет, – дейді ауылдың жас аяқдопшылары.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.