home
home home

Шөп шабу науқаны басталды

 

Биыл аудан бойынша 278 тонна шөп, 14 мың тонна пішендеме, 12 мың тонна сүрлем дайындау жоспарлануда. Мал азығын дайындауға жеке шаруашылықтармен қатар ауыл шаруашылық тауар өндірушілер де кіріскен. Ноғайбай ауылдық округіндегі «Свитанок» және «Ильясбеков» шаруа қожалықтарында қызу еңбек. Қазіргі таңда шаруалар Ноғайбай ауылының маңында жоңышқа шауып, бедені бастыруға белсене кірісуде. Қазір шаруалар үшін жауын аса қажет емес, піскен шөпті күнге қуратпай жылдам жинап алу қажет. Әзірге ауа райы қолайлы болып тұр.  Мал азығына 140 тонна шөп жинауды жоспарлап отырған қожалық 60 тонна шөпті тасып алған. Күніне 16 тоннаға дейінгі шөп маяланып жиналады.

 -Шөп шабу науқанында сан емес, сапа маңызды екені о бастан белгілі. Шөпті дайындау технологиясын сақтауда мұқият болу керек. Дұрыс дайындалған шөпте қыс айында малдың қоңын сақтауға қажеттінің бәрі бар, – дейді қожалық жұмысшылары.

«Ильясбеков» шаруа қожалығы ірі қара мал мен ұсақ малды өсірумен айналысады, кейінгі кезде асыл тұқымды малды көбейтуге ден қойған. Сондықтан қысқы мал азығын дайындау бұл шаруа қожалығының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Таң азаннан күн батқанша шабындықта трактор, тырма, пресс-тайлағыш, «Газ-53» сынды техника дамыл даппай, жұмыстарға жегілген. Механизатор Анатолий Горовенко,  жүктеушілер Ербол Сұлтанбаев, Жалғасбек Зарқұлов, Дауылбай Кеңбаев, Мұратбек Құдайбергенов, Виктор Богданов, жүргізуші Владислав Копоченяның бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі жаман емес. Ең бастысы осы қарқыннан танбай, күзге салым мал азығын жеткілікті етіп дайындап алу шарт.

Қыс айларына жеткілікті етіп малға азық жинауды уақытылы аяқтаймыз деп ойлаймыз. Биыл шөп мол, ең бастысы ауа райы қолайлы болып, техникамыз үмітімізді ақтаса деген тілегіміз бар. Жазда теккен төрдің қайтарымын қыс айында көреміз. Ерінбей еңбек еткеннің жейтін наны да тәтті болатыны анық. Қазір соны мақсат етудеміз, – дейді аптап ыстықта жұмыс істесе де күнге тотыққан жүздерінен жылу ескен жұмысшылар.

Шөп шабу науқаны аяқталғаннан кейін қос шаруашылық егін ору науқанына кіріспек. Барлығы 200 гектарға күздік бидай, 100 гектарға жаздық арпа еккен шаруалар мол өнім алуды көздеп отыр.  Сонымен бірге, қос шаруашылық жұмысшылары құнды дақыл болып саналатын  жүгері мен қант қызылшасын өсіруді қолға алуды жоспарлап отыр. Олар тәтті түбір сұранысқа ие болатынына сенімді, себебі қант қызылшасының азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызы зор, ал жүгерісіз ет әлеуетін арттыру мүмкін емес. Жүгері дәндері құрама жем жасауға, көк сабақтары сүрлем дайындауға жұмсалады. Шарулар қазір сол жұмыстардың есеп-қисаптарын жасау үстінде.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.